📅 2025 жылдың 16 қазан күні Департаменттің «Арнайы тергеп-тексеру комиссиясын құру туралы» бұйрығына сәйкес Түркістан облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы Сапарқұлов Ғалымжан Сейдуәліұлы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің Түркістан қаласындағы «Подстанция 110/35/10кВ» филиалында орын алған жазатайым оқиғаға байланысты арнайы тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізді.
🔹 Тексеру барысында ҚР Еңбек кодексінің «Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру және есепке алу» туралы заң талаптарының орындалуы қаралды. Сондай-ақ еңбек қатынастарының заңдылығына, еңбекті қорғау мен қауіпсіздік шараларының сақталуына ерекше назар аударылды.
🔹 Арнайы тексеру нәтижесінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарының маңыздылығы айқындалып, осындай жағдайлардың алдын алу және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттілігі атап өтілді.
🔹 Осыған орай мемлекеттік еңбек инспекторы Ғалымжан Сейдуәліұлы серіктестік ұжымымен кездесу ұйымдастырып, еңбек заңнамасы талаптарының орындалу барысын түсіндірді. Кездесу барысында еңбек қауіпсіздігі, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, қызметкерлерді міндетті сақтандыру және жұмыс берушінің заң алдындағы жауапкершілігі туралы жан-жақты ақпарат берілді.
🔹 Сонымен қатар, қызметкерлерге жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын уақтылы рәсімдеу, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау және жұмыс орнында қауіп-қатердің алдын алу бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
🟢 Бұл іс-шараның басты мақсаты – өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру.