«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ауыл шаруашылығы саласындағы студенттердің кәсіби шеберлігін арттыру, тәжірибелік дағдыларын дамыту және жастарды агроөнеркәсіп саласына тарту мақсатында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» құзыреттілігі бойынша халықаралық кәсіби шеберлік байқауы – «AgroLeague – 2025» 14–15 қазан күндері Жамбыл облысындағы №9 Меркі колледжінде өтті.
Байқауға Қазақстан Республикасының Алматы, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарынан, сондай-ақ Өзбекстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасынан келген үздік студенттер қатысты. Олар ауыл шаруашылығы техникасын басқару, техникалық қызмет көрсету және өндірістік процестерді тиімді ұйымдастыру бойынша өзара бақ сынасты.
Түркістан облысының намысын қорғаған «Д. Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжінің» студенті М. Абдувахитов байқауда өз кәсіби біліктілігі мен техниканы меңгерудегі жоғары деңгейін көрсетіп, III орынды иеленді. 🏆
Жарыс барысында қатысушыларға тракторлар мен ауыл шаруашылығы машиналарының құрылысын танып білу, оларды реттеу, техникалық диагностика жасау және қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша кешенді тапсырмалар берілді.
«AgroLeague – 2025» байқауының басты мақсаты –
-
ауыл шаруашылығы техникасын игеруде студенттердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіру,
-
бәсекеге қабілетті және заманауи талаптарға сай мамандар даярлау,
-
жастардың ауыл шаруашылығы саласына қызығушылығын арттыру болып табылады.
Іс-шара жастардың кәсіби бағдарын айқындауға, тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейде өз қабілеттерін сынауға мүмкіндік берді.
Мұндай кәсіби шеберлік байқаулары ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау сапасын арттырумен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие жас мамандардың қалыптасуына жол ашады.
Түркістан облысы білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, жұмысшы мамандықтарды дәріптеу, жастардың өндірістік тәжірибесін нығайту және ауылдық жерлерде еңбек ресурстарын көбейту бағытындағы шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.