Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

Созақ ауданында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған ауылында азаматтарды жұмыспен қамту және еңбек нарығында белсенділікті арттыру мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов ашып, жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтарға тұрақты жұмыс ұсыну және жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнату екенін атап өтті.

Жәрмеңкеге 16 жұмыс беруші мекеме қатысып, барлығы 136 бос жұмыс орнын ұсынды. Қатысушылар қатарында білім және денсаулық сақтау салаларының ұйымдары, сондай-ақ «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясына қарасты кәсіпорындар – «KAP Logistics» ЖШС филиалы, «Волковгеология» АҚ ГБЭ-5 және «Қазатомпром-SaUran» ЖШС бар.

Шараға пробация есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, алимент бойынша берешегі бар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар да тартылды.

Жәрмеңке нәтижесінде 86 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 6 мүмкіндігі шектеулі азамат еңбекке тартылды.

Сонымен қатар, жәрмеңке аясында мемлекеттік грант арқылы өз кәсібін ашқан тұрғындар өздерінің қолөнер және тағам өнімдерін келушілер назарына ұсынды. Бұл өз кезегінде тұрғындарды кәсіпкерлікке ынталандырып, шағын бизнестің дамуына серпін берді.

Мұндай іс-шаралар аудандағы еңбек нарығын тұрақтандыруға, халықтың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерін іске асыруға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

2025 жылы Алматыда 7 мыңнан астам адам баспаналы болады

admin

ТҮРКІСТАНДА РАЙЫМБЕК СЕЙТМЕТОВ ТЕАТРЫНА ЖАҢА АВТОБУС ТАБЫСТАЛДЫ

admin

«КЕЛЕШЕК» БІРЫҢҒАЙ ЕРІКТІ ЖИНАҚТАУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

admin

Пікір жазу