Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай Түркістан қаласында Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, төтенше жағдайлар саласының ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – «Құтқарушылар күнімен» шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Егемендіктің қадір-қасиеті – жердің тұтастығы мен елдің тыныштығында» деген болатын. Сіздер – әрбір қиын сәтте елге бірінші болып көмекке келіп, өзгелердің өмірі үшін өз басын қатерге тігетін нағыз ержүрек азаматтарсыздар. Бұл ерліктеріңіз бен қызметке адалдықтарыңыз – халқымыздың амандығының басты кепілі, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан төтенше жағдайлар саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Түркістан облысы құрылғаннан бері жергілікті бюджет есебінен 4,5 млрд теңгеге 36 бірлік жаңа техника сатып алынған. Сонымен қатар, Сауран және Төлеби аудандарында жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын екі жаңа өрт сөндіру бекеті салынды. Алдағы уақытта да материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары жалғасады.
Қазіргі таңда Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінде 1600-ден астам қызметкер еңбек етуде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және адам өмірін қорғау бағытында тәулік бойы тынымсыз қызмет атқарып келеді.
Салтанатты жиында қызметтік борышын адал атқарып, кәсібіне беріктігімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлер мен ардагерлерге Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың және облыстық департамент басшылығының алғыс хаттары мен төсбелгілері табыс етілді.
Мерекелік жиын соңында Құтқарушылар күніне арналған концерттік бағдарлама ұсынылды.