Бүгін Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының ауыл тұрғындарымен кездесуі Балтакөл ауыл округінен бастау алды. Кездесуге аудан әкімінің сала орынбасарлары мен бөлім басшылары, ауыл округінің әкімі, мәслихат депутаттары, ауыл тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесуде жыл басынан бері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстарды баяндаған аудан әкімі ынтымағы мен бірлігі жарасқан Балтакөл ауылында іске асып жатқан жобаларға да ерекше тоқталды.
Биыл 60 жылдық мерейтойын ерекше салтанатпен атап өткен Балтакөл ауыл округінде біршама ауқымды жұмыстар атқарылған. Мәселен, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Балтакөл ауылындағы Тәукенбай-2 көшесіне (ұзындығы 1,6 шақырым), Б.Жұмағұлов көшесіне (ұзындығы 1,1 шақырым) орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Балтакөл ауылындағы Ә.Ернішев көшесіне, Көлқұдық елді мекеніндегі М.Арыс көшесіне, Самырат ауылының Тәтібай көшесіне, Ақкөл ауылынан Қ.Азаматов көшесіне ағымдағы жөндеу (тас төсеу) жүргізілген. Балтакөл ауылындағы М.Көбеев көшесінің бойындағы 0,18 га. жерді абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары атқарылған. Елді мекендегі Тәукебай көшесін абаттандыру, Самырат ауылындағы балалар ойын алаңшасын салу, ішкі көшелерді жөндеу секілді көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелер шешімін тапқан.
Сонымен қатар ағымдағы жылы Балтакөл ауыл округіне қарасты Ақкөл (382 тұрғын, абонент саны-65) елді мекенінің ауыз су құрылысына қаржы қаралып, өндірістік кестесіне сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған. Сондай-ақ, Балтакөл е.м.ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары да қарқын алған.
Кездесуде ауыл тұрғындары ағын су, жұмыссыздық, жолдарды жөндеу секілді бірқатар өзекті мәселелерді айтып, шешімін табуына қолдау көрсетуін сұрады. Аталған мәселелерге байланысты аудан басшысы тиістілігіне қарай салалық бөлімдерге тапсырмалар беріліп, заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.