Түркістан облысында индустриалды аймақтарды дамыту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда жалпы аумағы 2397,3 гектарды құрайтын 20 индустриалды аймақ құрылған.
Бүгінге дейін жалпы құны 39,5 млрд теңгеге 50 инвестициялық жоба іске қосылып, 2609 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, алдағы уақытта жалпы құны 112,4 млрд теңгені құрайтын тағы 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 3812 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Аталған жобалар құрылыс материалдары, дайын металл өнімдері, металлургия, машина жасау, пластмасса бұйымдары, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі бағыттарында іске асырылуда. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Облыс әкімі инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторларға қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.
«Президент халыққа арнаған биылғы Жолдауында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне ерекше мән берді. Сондықтан индустриалды аймақтарда өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобаларға басымдық бере отырып жұмыс істеу қажет. Индустриалды аймақтар инфрақұрылыммен толық қамтылуы тиіс. Мәселелерді шешудің нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, орындалуы туралы апта сайын есеп беріп отыру қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды сапасыз атқарған басшылардың жауапкершілігі қаралады», – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға 12,35 млрд теңге қаржы жұмсалған. Бюджеттен бөлінген әрбір 1 теңгеге 12,3 теңге жеке инвестиция тартылған.
Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында индустриалды аймақтарда орналасқан кәсіпорындар 12,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 756,6 млн теңге салық түсірді. Сонымен қатар, индустриалды аймақтарға жалпы құны 78,1 млрд теңгеге 28 жаңа инвестициялық жоба орналастырылып, 2370 жұмыс орны ашылды.
Мәжілісте аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын толық қамтамасыз ету, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу, кәсіпкерлерді салық органдарына тіркеу және жаңа жобаларды көбейту жөнінде тапсырма берілді.