Түркістан қаласының Жастар ресурстық орталығында «Заң және тәртіп» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға пробация есебінде тұрған және соттылығы бар жастар, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері мен білім саласының мамандары қатысты.
Құқықтық мәдениетті арттыру – басты мақсат
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, заңға бағынудың маңыздылығын түсіндіру және қоғамға бейімделу жолдарын талқылау болды.
Спикерлер жастар арасында «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету, құқықтық сауаттылықты арттыру, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру бағытында мазмұнды әңгіме өрбітті.
Білім – қоғамға бейімделудің басты құралы
Баяндамашылар Мемлекет басшысының білім беру саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларының «Заң және тәртіп» идеологиясымен өзара сабақтас екенін атап өтті.
Жастарға білім арқылы жаңа мүмкіндіктер беру, колледждерде білім алу құқығын кеңейту және әлеуметтік бейімделуге жағдай жасау мәселелері де көтерілді.
Колледж директоры Нұрсұлу Абдешқызы өз сөзінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабына сәйкес әрбір азаматтың орта білімді міндетті және тегін алуға құқығы бар екенін еске салды.
«Мемлекет жастардың қоғамға қайта бейімделуіне, өз орнын табуына жан-жақты жағдай жасап отыр. Егер жас адам бас бостандығынан айырылмай, шартты жаза алып, пробацияда жүрсе – ол мектепте немесе колледжде білім ала алады. Мұндай шаралар олардың құқықтық және әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, қоғамға толық оралуына мүмкіндік береді», – деді Нұрсұлу Абдешқызы.
Жастарға құқықтық қолдау көрсетіледі
Дөңгелек үстел барысында қатысушыларға пробация қызметі мен құқық қорғау органдарының өкілдері тарапынан кеңес берілді. Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жобалар тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.