Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Осыған сәйкес Түркістан облысында еңбек нарығын дамыту, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, жастарды кәсіби бағдарлау бағыттарында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Облыс әкімі бекіткен 7 бағыттан тұратын 64 тармақты іс-шаралар жоспары аясында өңірде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға, кәсіптік білім беру сапасын көтеруге және еңбек нарығының сұранысын қамтамасыз етуге басымдық берілген.
КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ДАМУ ҮСТІНДЕ
Қазіргі таңда Түркістан облысындағы 50 техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында 47 мыңнан астам студент 75 мамандық бойынша білім алуда. Оның ішінде 16,5 мың студент 38 жұмысшы мамандығы бойынша даярлануда.
Алдағы 2025–2026 оқу жылына 15,5 мың мемлекеттік грант бөлініп, соның 9,5 мыңы жұмысшы мамандықтарына бағытталды. Бұл өңір экономикасының сұранысына сай білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар облыста дуалды оқыту жүйесі белсенді түрде дамып келеді. Қазіргі таңда 35 колледж 654 кәсіпорынмен әріптестік орнатып, 64 мамандық бойынша студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін қамтамасыз етуде. Мұндай тәсіл жас мамандардың тәжірибелік дағдысын жетілдіруге және еңбек нарығына тез бейімделуіне ықпал етеді.
ЖАСТАРДЫ ЕҢБЕККЕ БАУЛУ ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
Өңірде жастарды еңбекке тарту және жұмыспен қамту бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» форумы аясында жүзге жуық түлек нақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілсе, 1500 бос жұмыс орны ұсынылған жәрмеңкеде жұмыс берушілер мен жастар арасында тікелей байланыс орнатылды.
Бұл бастамалар Мемлекет басшысының еңбек адамының мәртебесін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыруға бағытталған.
БІЛІМ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА
Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 29 жаңа мектептің құрылысы қолға алынған. 2024–2025 оқу жылында олардың 13-і пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін тағы 16 мектептің ашылуы жоспарлануда.
Сонымен бірге өңірдегі 115 білім ошағын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, бүгінгі таңда 100 мектеп толық жөндеуден өтті. Бұл шаралар оқу сапасын арттырумен қатар, білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде барлық мектептер Жедел басқару орталығына қосылған, сондай-ақ турникет, дабыл түймесі және күзет жүйелері орнатылған.
ҰСТАЗДАРДЫҢ КӘСІБИ ДАМУЫНА КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ
Облыс бойынша 67 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Олардың кәсіби әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар жобалар іске асуда.
«Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасына өңірден 1200-ден астам ұстаз қатысып, олардың 78 пайызы басқарушылық қызметтерге тағайындалды.
Жыл соңына дейін 16 мыңнан астам педагогтың біліктілігін арттыру жоспарланған. Сонымен қатар биыл алғаш рет енгізілген «Ұстаз» ұлттық платформасында 12 826 мұғалім аттестациядан өтуде. Бұл жүйе ұстаздардың кәсіби дамуын ынталандырып, еңбегінің әділ бағалануы мен мансаптық өсуіне мүмкіндік береді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Түркістан облысында еңбек нарығын дамыту, жастарды жұмыспен қамту, техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру бағыттарындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Аталған бастамалар Президент Жолдауында айқындалған міндеттермен үндесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде.
Еңбек адамына құрмет көрсету, сапалы білім беру және кәсіби даярлықты күшейту – Әділетті Қазақстанның берік негізін қалайды.