Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Басты ақпарат

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖАНДАНА ТҮСТІ

Түркістан облысында мемлекеттік жастар саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 15-34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,8 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген.

Бүгінде өңір халқының 31 пайызын, яғни 670 мыңнан астам адамды жастар құрайды. Жыл басынан бері облыс көлемінде 4 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 403 мың жас қамтылған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі жастар саясатының өзекті мәселелері мен жаңа бастамалары кеңінен талқыланды.

Өңір басшысы жастарды қолдау – мемлекет дамуының стратегиялық басымдығы екенін атап өтті.

– Жастар саясаты – мемлекет стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі. Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тірегі. Сол себепті оларды тұрақты жұмыспен қамту, әлеуетін ашу және өмірлік бағытын айқындауға жағдай жасау – біздің негізгі міндетіміз. Түркістан өңірінен шыққан белгілі тұлғалармен кездесулер өткізу арқылы жастарға үлгі көрсету, оларға сенім мен мотивация беру маңызды. Сонымен қатар, басқа облыстар мен көрші елдердің тәжірибесін зерделеп, тиімді жобаларды өңірімізге бейімдеп енгізу қажет, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл жастар саясаты бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Жастар белсенділігі артып келеді

Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында «Жас сарбаз» қозғалысы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда облыста 21 мыңнан астам жас осы қозғалысқа қатысады, 739 әскери-патриоттық клуб жұмыс істейді. Биылдың өзінде әскери-патриоттық бағыттағы 158 іс-шара өткізіліп, 10 132 жас қамтылған.

Сондай-ақ жастардың бастамасымен көтерілген «Арақ сатылмайтын ауыл» жобасы облыс бойынша кең қолдау тапты. Қазіргі таңда 75 елді мекенде алкоголь өнімдерін сату тоқтатылған. Бұл ауылдарда 125 мыңға жуық тұрғын тұрады. Жоба жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттердің алдын алу, сондай-ақ қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.

Экологиялық жауапкершілік пен еріктілік қозғалысы

Экологиялық мәдениетті арттыру бағытында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында өңірде жастар ұйымдары мен еріктілердің қатысуымен 900-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, 189 мыңға жуық жас тартылды. Акциялар барысында ағаш отырғызу, өзен-көлдерді тазарту және тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру жұмыстары атқарылды.

Президент Жолдауындағы басымдықтармен сабақтас

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында жастар саясатының мемлекет дамуындағы маңыздылығын ерекше атап өтті:

«Жастар – еліміздің болашағы. Біз олардың бастамаларына, кәсіпкерлікке, ғылым мен инновацияға деген қызығушылығын қолдауға тиіспіз. Әрбір жас елдің дамуына өз үлесін қоса алатын жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеті», – деген болатын Мемлекет басшысы.

Осы бағытта Түркістан облысында жастарға арналған жаңа жобалар мен мүмкіндіктер кеңейіп келеді. Жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, патриоттық және экологиялық мәдениетті дамыту бойынша нақты шаралар жүйелі түрде іске асырылуда.

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекет басшысы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасын қабылдады

admin

Мемлекет басшысы Американың бизнес өкілдерімен өткен «дөңгелек үстел» отырысында сөз сөйледі

admin

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ АХМЕДЖАН АНАРТАЕВ ДАУЫС БЕРДІ

admin

Пікір жазу