Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Шымкент

Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасы қолдау қызметі талқыланды

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамдағы өзекті әрі күрделі мәселелердің бірі. Ол отбасы бірлігіне сызат түсіріп қана қоймай, жеке адамның психологиялық және физикалық саулығына кері әсер етеді. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу, жәбірленушілерге жан-жақты қолдау көрсету – әлеуметтік қызметтердің басты міндеттерінің бірі.
Шымкент қаласына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері Қожалы Тоғжан, Галина Гребенникова және Баян Жандосова екі күндік сапармен келді.
Сапардың негізгі мақсаты – Отбасын қолдау орталықтары мен Жастар денсаулық орталықтарының жұмысын зерделеп, қызмет сапасын бағалау және түйткілді мәселелерді талқылау.
Алдымен комиссия мүшелері Отбасын қолдау орталығының қызметімен танысты. Мұнда заңгерлер, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер күн сайын жүздеген отбасыға көмек көрсетеді.
Жыл басынан бері орталыққа 2 мыңнан астам отбасы жүгінген. Оның ішінде 435 отбасы қиын жағдайда деп тіркелсе, 288-іне жеке жоспар жасалып, 145 отбасының мәселесі толық шешімін тапқан.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 289 оқиға тіркеліп, жеті адам дағдарыс орталығына орналастырылды. Ал, 66 отбасы қайта татуласқан.
Келесі күні комиссия мүшелері «Kameya Pharm Group», «Сұңқар» және «Даумед» Жастар денсаулық орталықтарының жұмысымен танысты. Бұл орталықтар жасөспірімдер мен жастарға анонимді түрде медициналық және психологиялық көмек көрсетеді.
Негізгі бағыттары – репродуктивті денсаулықты қорғау, суицидтің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау.
Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде жүздеген бейнеролик жарияланып, қаладағы LED-экрандар арқылы ақпарат таратылды. «Семейный очаг под надежной защитой», «Шаг навстречу семье» сияқты акциялар жастардың қызығушылығын арттырып, қоғамды белсендіруге ықпал етті.
Жиындар барысында штат бірлігінің жеткіліксіздігі, мобильді топтарға көлік тапшылығы, орталықтардың қызметі туралы халықтың хабардарлығы төмендігі секілді бірқатар проблемалар да көтерілді.
Комиссия мүшелері Абай ауданында жаңа бөлімше ашу, мобильді топтарды көлікпен қамтамасыз ету, ақпараттық жұмысты күшейту, ҮЕҰ мен еріктілерді кеңінен тарту бойынша ұсыныстарды нақтылады.
Екі күндік сапардың нәтижесінде Шымкенттегі әлеуметтік қолдау жүйесінің әлеуеті мен әлсіз тұстары айқындалды. Комиссияның ұсыныстары алдағы уақытта отбасылар мен жастарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте Жеңіс күніне орай гала-концерт өтті

admin

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық

admin

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ-ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

admin

Пікір жазу