2025 жылдың 16 тамызынан 30 тамызына дейін Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Қазығұрт мөлтек ауданында орналасқан Shooting Plaza атыс алаңында нысана атудан және стенд атудан XVI жазғы Азия чемпионаты өткізілуде. Ауқымды халықаралық жарысқа Азияның 26 мемлекетінен келген 800-ге жуық кәсіби спортшы қатысуда. Бұл – еліміз үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін маңызды спорттық оқиға.
Аталған байрақты бәсекенің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы, оның қауіпсіз әрі тәртіппен өтуі басты назарда. Осы мақсатта Шымкент қаласы Полиция департаментінің жеке құрамы толықтай жұмылдырылып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар жүргізілуде.
Қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау және оқыс оқиғалардың алдын алу үшін Тұран аудандық полиция басқармасы, патрульдік полиция полкі мен учаскелік полиция инспекторлары тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Сонымен қатар заманауи дрон құрылғыларының көмегімен аумақты бақылау жұмыстары күшейтілді. Бұл – қоғамдық тәртіпті бақылауда ұтымды әрі тиімді әдістердің бірі.
Жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметінің басты міндеттерінің бірі. Ірі халықаралық іс-шара барысында қалада құқықбұзушылықтың алдын алу, шұғыл әрекет ету және қауіп-қатердің туындауына жол бермеу мақсатында барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Аталған чемпионат тек спорттық жетістіктермен ғана емес, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық пен достастықты нығайтудағы рөлімен де маңызды. Жарыс барысында Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары Азия елдерінен келген спортшылар мен делегация мүшелерімен еркін араласып, түрлі мәдениеттердің тоғысуына куә болуда. Бұл – елдің халықаралық беделін арттырып, туризм мен спортты дамытуға серпін беретін ауқымды шара.
Қауіпсіздік – басты міндетіміз!
Шымкент қаласы Полиция департаменті барлық азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, спортшыларға құрметпен қарауға және ынтымақтастық танытуға шақырады. Бірлескен күш-жігерімізбен біз қаладағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз.