Қазіргі таңда Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан заңсыз құрылыс нысандарымен күрес жұмыстары ерекше күшейіп, қарқынды жүргізілуде. Мәселен, соңғы бір апта ішінде қала аумағында заңсыз құрылыс нысандарына қатысты басқарма қызметкерлері 48 хаттама толтырып, олардың ішінен 15 нысанға айыппұл салынды. Бұл шаралар заң бұзушылықтардың алдын алу және қаладағы құрылыс саласын реттеу мақсатында атқарылуда.
Мысалы, Еңбекші ауданында заңсыз салынған құрылыс нысаны анықталды. Аталған жер телімінің нысаналы мақсаты тұрғын үй ретінде белгіленген болса да, меншік иесі екі қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатын заңсыз түрде азық-түлік дүкені ретінде пайдаланды. Тексеру барысында меншік иесінің құрылыс жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының талаптарын мүлдем сақтамағаны анықталды. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары жобалау құжаттамасынсыз, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалаусыз жүзеге асырылған. Бұдан бөлек, тұрғын үйге реконструкция жұмыстары да рұқсатсыз жүргізілгені белгілі болды. Осы заңбұзушылықтар нәтижесінде меншік иесіне 800 мың теңгеден астам көлемде айыппұл салынды.
Құрметті қала тұрғындары! Кез келген ғимараттың құрылысын бастамас бұрын қолданыстағы заң талаптары мен құрылыс нормаларын мұқият және қатаң түрде сақтау қажеттігін ескертеміз. Бұл талаптардың орындалмауы ірі көлемде айыппұл салуға ғана емес, сондай-ақ заңсыз салынған нысандарды мәжбүрлеп бұзу сияқты ауыр шараларға әкеп соғуы мүмкін екенін назарға алыңыздар. Құрылыс саласындағы тәртіп пен заңдылықты сақтау – қала көркі мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Сондықтан әрбір тұрғын мен меншік иесі өз міндеттерін жауапкершілікпен орындауы қажет.
Сонымен қатар, басқарма тарапынан заңсыз құрылыс нысандарын анықтау және оларды заң шеңберінде жою бойынша тұрақты рейдтер мен тексерулер жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар қала аумағында құрылыс саласындағы тәртіпті қамтамасыз етуге, тұрғындардың құқықтарын қорғауға және қаланың сәулеттік көркемдігін сақтауға бағытталған. Қалалық билік құрылыс нормалары мен заңдарын бұзғандарға қатысты шараларды әрі қарай да қатаң түрде қолданатынын хабарлайды және тұрғындарды заң талаптарын орындауға шақырады.