Сарыағаш ауданына қарасты Қапланбек ауылдық округінің Ташқұлақ ауылында тұратын мүмкіндігі шектеулі баланың анасы — Гүлмира Түгелова 2025 жылдың маусым айында «Автомобиль қаңқасын жөндеу» («костоправ») жобасы бойынша мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері атанған болатын.
Алынған грант қаражатына қажетті құрал-жабдықтар мен жұмысқа қажетті материалдар сатып алынып, бүгінде бұл іс отбасының тұрақты табыс көзіне айналып отыр. Кәсіп түрі — автокөлік қаңқасын қалпына келтіру және бояу жұмыстары, бүгінде бұл бағыт отбасылық бизнеске ұласқан. Істі тікелей Түгелованың жұбайы — Мақсұт Қаратаев жүргізіп, ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде.
Қазіргі таңда олар Қапланбек ауылында және аудан көлемінде автокөлік жөндеу қызметін ұсынып, жергілікті бір тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Бұл — мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсететін жарқын мысалдардың бірі.
Жас кәсіпкердің жұмысымен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып танысты.
– Мемлекеттен қолдау алған әр азамат сол көмекті тиімді пайдаланып, өз кәсібін дамытса — бұл ел экономикасына қосылған зор үлес. Гүлмира Түгелованың жобасы – соның айғағы. Мұндай игі бастамалар ауыл шаруашылығы мен шағын бизнестің дамуына серпін береді. Сондықтан біз осындай кәсіпкерлерді әрдайым қолдаймыз, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде Мақсұт Қаратаев мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен сенім үшін ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта қызмет түрлерін кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырғанын атап өтті.
Мемлекеттік грант аясында іске асқан бұл жоба — мүмкіндігі шектеулі баланы бағып отырған ана үшін тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайдалы іс, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған нақты үлес болып табылады.