Жаңару күні аясында Түркістан облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы кең көлемде ұйымдастырылды. Игі бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған үндеуге сәйкес жүзеге асырылып, Президент бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы шеңберінде өткізілді.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген бұл акция табиғаттың жаңарып, қоршаған ортаның түлейтін кезеңімен үндесіп, ерекше мазмұнға ие болды. Наурызнама аясындағы Тазару күніне орай өңірде табиғатты қорғауға бағытталған бірқатар экологиялық шаралар ұйымдастырылды.
Акцияның негізгі бөлігі облыстың шығыс қақпасы саналатын Түлкібас ауданында өтті. Табиғаты көркем бұл өңір Қаратау мен Алатау жоталарының түйіскен тұсында орналасқан. Түлкібас жері мөлдір бұлақтары мен өзендері мол табиғи байлығымен танымал. Мұнда жеті өзен бастау алып, жүзге жуық бұлақ көздері өңірдің табиғи тіршілігінің негізін құрайды.
Экологиялық акцияға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, өңір басшылығы, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен белсенді жастар қатысып, ортақ іске жұмыла кірісті. Шара барысында Әулие бастау бұлағының көзі тазартылып, оның айналасы абаттандырылды. Сонымен қатар табиғатты қорғау және жасыл аймақтарды көбейту мақсатында бұлақ маңына ағаш көшеттері отырғызылды.
Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы бастамашылық еткен экологиялық акцияның маңыздылығына тоқталып, табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Мөлдір бұлақ» бастамасы қоршаған ортаны сақтау мәдениетін қалыптастырып, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға үндейді.
«Бүгінде су ресурстарын сақтау мәселесі аса өзекті. Сондықтан бұлақ көздерін ашу, оларды тұрақты түрде тазалап, қорғау – ортақ жауапкершілік. Халқымыздың “Бұлақ көрсең, көзін аш” деген даналығы осы бастаманың мәнін айқындайды», – деді Нұралхан Көшеров.
Айта кетейік, акцияға облыс бойынша 1500-ге жуық адам қатысып, табиғатты қорғау бағытында бірқатар жұмыстар атқарды. Алдағы уақытта өңір аумағындағы 1500-ге жуық бұлақ көзін тазарту және оларды қалпына келтіру жоспарланып отыр.
