Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Басты ақпаратЭкономика

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРМЕН ЖҰМЫС КЕЗДЕСУІН ӨТКІЗДІ

«Turkistan Investment and Tourism Forum – 2025» аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірге келген шетелдік инвесторлар және халықаралық компания басшыларымен кездесу өткізді. Жиында облыстың инвестициялық әлеуеті, бизнес жүргізуге жасалған жағдайлар және ынтымақтастық мүмкіндіктері таныстырылып, облыс басшысы инвесторларға Түркістанға арнайы келгендері үшін ризашылығын білдірді.

Әкім өңірдің демографиялық және транзиттік артықшылықтарына тоқталып, Түркістан облысы инвесторлар үшін тиімді аймақ екенін атап өтті. «Түркістан – Қазақстандағы халқы ең көп шоғырланған өңірдің бірі. Еңбекке қабілетті тұрғындар санының жоғары болуы инвесторларға тұрақты кадрлық қор ұсынады. Сонымен қатар Қытайдан Еуропаға бағытталған жүктің 85 пайызы өңіріміз арқылы өтетін ‘Батыс Еуропа – Батыс Қытай’ халықаралық дәлізімен тасымалданады. Бұл бағыт жаһандық нарыққа шығуда үлкен мүмкіндіктер береді. Ляньюньган портындағы бірлескен логистикалық терминал мен Сианьдағы құрғақ порт та біздің транзиттік әлеуетімізді айтарлықтай күшейтуде.

Облыста индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер жұмыс істейді. Инвесторларға инфрақұрылымы дайын жер телімдері, жеңілдетілген шарттармен берілетін өндірістік ғимараттар ұсынылады. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақта да тиімді жағдайлар қарастырылған. Біз әрбір маңызды жобаны сүйемелдеп, толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Басты мақсатымыз – өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу», – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесу барысында облыс әкімі 20-дан астам компания өкілімен екіжақты келіссөздер жүргізіп, олардың ұсыныстарын тыңдады. G2B форматы бойынша өткен кездесуге Қытайдың бірнеше провинциясынан келген делегациялар қатысып, ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс, білім және энергия салаларындағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Күн және су электр станцияларын салу, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, кадр алмасу және басқа да бастамалар жайлы ұсыныстар айтылды. Әрбір жоба нақты зерделеніп, тиісті шешімдер қабылданатын болады.

Түркістан облысында инвестиция тарту – басым бағыттардың бірі. 2025–2028 жылдарға жоспарланған 111 инвестициялық жоба қалыптасқан. Бұл жобалар жүзеге асқанда 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Биылдың өзінде 58 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі уақытта 34 жоба іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылды.

2024 жылдың 10 айында өңір экономикасына 1 178,4 млрд теңге инвестиция тартылды. 2025 жылға бекітілген 475 млн АҚШ доллары көлеміндегі тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспары II тоқсанның қорытындысы бойынша 543,5 млн АҚШ долларына жетіп, толық орындалды.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА «ШЫҒЫС ШАҚЫРАДЫ» ФОРУМЫ ӨТТІ

admin

Мемлекет басшысы Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады

admin

Заң және тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілі

admin

Пікір жазу