Отырар ауданы, «Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ-де «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Әділдік және жауапкершілік» құндылықтарын насихаттау мақсатында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмысы жүргізіліп, бейнеролик көрсетілді. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Кульбаев ұйымдастырған іс-шараға мектеп оқушылары, ұстаздар және ата-аналар қатысып, адамгершілік пен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну мәселесін бірге талқылады.
Кездесу барысында буллинг, әлімжеттік, қорлау және зорлық-зомбылықтың адам психикасына, қоғамға тигізер зиянды салдары туралы кеңінен түсіндірілді. Оқушыларға ұрып-соғу мен қорлау фактілеріне мүлдем жол берілмейтіні, әрбір азаматтың заң алдындағы жауапкершілігі туралы айтылды. Сонымен қатар, Түркістан облысы мектептерінде орын алған келеңсіз жағдайлар бойынша бейнероликтер көрсетіліп, олардың себептері мен алдын алу жолдары талқыланды.
Буллингтің алдын алуда гендерлік теңдік мәселесі ерекше маңызды. Қыз балалар мен ұл балалар арасындағы қатынастарда теңсіздік, кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың әртүрлі түрлері жиі кездеседі. Көп жағдайда қыздар мен жасөспірімдер өздерінің құқықтарын қорғауда әлсіз болып келеді, ал бұл жағдай олардың психологиялық және әлеуметтік дамуына теріс әсер етеді. Сондықтан, қыз балалардың өз құқықтарын қорғауға деген сенімдерін нығайту, олардың жеке басының қауіпсіздігіне көңіл бөлу қоғамдағы гендерлік теңдікті қалыптастыруда маңызды қадам болып табылады. Бұл ретте мектептерде қыздарға қарсы зорлық-зомбылықты болдырмау үшін арнайы тренингтер мен ақпараттық сессиялар өткізілуі керек.
Ана мен баланы қорғау тұрғысынан алғанда, буллингтің алдын алу мәселесі тікелей байланысты. Әсіресе, балалардың отбасында көретін тәрбиесі олардың сыртқы ортасында көрсеткен мінез-құлқына әсер етеді. Егер балалардың отбасында зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке жол берілсе, бұл олардың мектепте және қоғамда да өзін-өзі қорғауға деген сенімсіздігін арттырады. Осыған орай, мектептегі кездесулер мен ата-аналармен ұйымдастырылатын түсіндіру жұмыстарында ата-аналардың жауапкершілігін арттыру маңызды. Отбасындағы жақсы қарым-қатынастар мен қолдаушы орта балалардың психоәлеуметтік дамуында үлкен рөл атқарады.
Кездесу соңында қатысушылар адамгершілік пен әділдік қағидаларын ұстанып, өзара сыйластықты сақтау қажеттілігі атап өтілді. Әрбір оқушының психологиялық жай-күйіне көңіл бөліп, бір-бірін түсініп, құрметтеу қажет екендігі айтылды. Бұл, әсіресе, зорлық-зомбылықтың, буллингтің және әлімжеттіктің алдын алу үшін маңызды. Балалар өзара сыйластық пен әділдікті үйренгенде ғана қоғамда әділеттілік орнап, дені сау, жауапкершілігі жоғары ұрпақ өседі.
Бұл шара балаларға тек заң алдындағы жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар адамдар арасындағы құрмет пен теңдікті сақтаудың маңыздылығын да көрсетті. Сонымен қатар, заң бойынша 14 жасқа толған балалар бұзақылыққа барса, жауапқа тартылатыны атап өтіліп, жастарды әлімжеттік пен зорлық-зомбылықтан аулақ болуға, әділдік пен құрмет көрсетуге шақырды.
