1 шілдеден бастап елімізде жаңа Конституция күшіне енеді. Жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған бұл Ата заң қоғамның қазіргі сұраныстарына жауап беретін құқықтық негіздерді нығайтуға және азаматтардың мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған.
Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық, саяси және қоғамдық өмірінің іргетасы. Ол азамат пен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілікті айқындап, қоғам дамуының басты қағидаттарын белгілейді. Сондықтан Ата заңның қабылдануы, қолданысқа енуі ел өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғалардың бірі саналады.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін құқықтық мемлекет құруды басты мақсат ретінде айқындады. Осы бағытта Конституция мемлекет дамуының стратегиялық бағдарына айналып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін негізгі кепілдік қызметін атқарып келеді. Жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституция қоғамның жаңа сұраныстарына жауап беруге, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталды.
Бүгінде әлем қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Цифрландыру үдерісі күшейіп, жаңа технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Мұндай жағдайда адамның жеке өміріне қол сұқпаушылық, дербес деректердің қауіпсіздігі, ақпараттық кеңістіктегі құқықтарды қорғау мәселелері ерекше маңызға ие болып отыр. Сондықтан Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты нормалардың күшейтілуі уақыт талабынан туындаған қажеттілік деуге болады.
Ата заңның басты құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұл қағидат мемлекеттің барлық саясаты мен қызметінің негізіне айналуы тиіс. Өйткені азаматтың құқығы қорғалмаған жерде әділетті қоғам құру мүмкін емес. Конституцияның әрбір нормасы адам мүддесін қорғауға, заң алдында барша азаматтың теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Құқықтық мемлекет құрудың негізгі шарты – заңның үстемдігі. Заң үстемдігі орнаған қоғамда ешкімнің артықшылығы болмайды, барлық азаматтар заң алдында тең жауап береді. Мемлекеттік органдар да өз қызметін заң аясында жүргізуге міндетті. Бұл – демократиялық мемлекеттің басты белгілерінің бірі.
Соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың негізгі мақсаты да осы – әділетті Қазақстан құру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты осы стратегиялық бағыттың өзегіне айналды. Бұл бастама тек құқық қорғау органдарының жұмысын күшейтуге бағытталған ұран емес. Оның түпкі мәні – Конституция талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру.
Шын мәнінде, «Заң мен тәртіп» қағидатының негізінде Конституция жатыр. Себебі барлық заңдар мен нормативтік құқықтық актілер Ата заңға сүйеніп қабылданады. Демек, заңның үстемдігі дегеніміз – ең алдымен Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету. Азаматтардың құқықтарын сақтау, сот төрелігінің әділдігі, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мұның барлығы Конституцияда бекітілген қағидаттарды жүзеге асырудың нақты көрінісі.
Құқықтық мемлекетте заң тек жазалау құралы емес, ең алдымен азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғайтын сенімді тетік болуы қажет. Мемлекет басшысы да өз сөздерінде заңның басты мақсаты – адамды қорғау екенін бірнеше рет атап өтті. Сондықтан заң талаптарын сақтау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігі болып саналады.
Өкінішке қарай, қоғамда құқықтық нигилизмнің көріністері әлі де кездеседі. Кейбір азаматтар заң талаптарын елемеуді немесе құқықтық нормаларды айналып өтуді қалыпты құбылыс ретінде қабылдайды. Мұндай көзқарас қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіріп қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімге де кері әсер етеді. Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрмет көрсету және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді.
Конституция тек заңгерлер мен мемлекеттік қызметшілерге арналған құжат емес. Ол әрбір азаматтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты. Білім алу, еңбек ету, медициналық көмек алу, пікір білдіру, кәсіпкерлікпен айналысу сияқты негізгі құқықтардың барлығы Ата заңмен қорғалған. Сол себепті әрбір азамат Конституцияда көрсетілген құқықтарымен қатар өз міндеттерін де жақсы білуі қажет.
Қазіргі таңда елімізде азаматтық қоғам институттарының рөлі артып келеді. Қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың, тәуелсіз сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының белсенділігі мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етуде. Бұл да Конституцияда бекітілген демократиялық қағидаттардың нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Ата заңның өміршеңдігі оның қағаз жүзінде жазылуымен емес, күнделікті өмірде орындалуымен өлшенеді. Егер Конституция талаптары толық сақталса, заң үстемдігі қамтамасыз етіліп, азаматтардың құқықтары қорғалса, қоғамда әділдік орнығады. Ал әділдік бар жерде тұрақтылық, сенім және даму болады.
Сондықтан Конституцияны құрметтеу – мемлекетті құрметтеу деген сөз. Ал «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстану – Конституция талаптарын орындаудың ең тиімді жолы. Заң салтанат құрған қоғамда азаматтардың құқығы қорғалады, қоғамдық қауіпсіздік нығаяды, мемлекеттік институттарға деген сенім артады. Бұл – Әділетті Қазақстанды құрудың басты алғышарты.
Ата заң – тәуелсіздігіміздің тұғыры, мемлекетіміздің құқықтық негізі және қоғамдағы әділеттіліктің кепілі. Конституция талаптарын бұлжытпай орындау, заңға құрметпен қарау және құқықтық мәдениетті нығайту – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Өйткені заң мен тәртіп үстемдік құрған жерде ғана әділ қоғам қалыптасып, мемлекет тұрақты дамудың даңғыл жолына түседі.
Ж.ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ
