Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

Түркістанда VIII Халық ойындары салтанатты түрде ашылды

Бүгінде облыста 89 мыңнан астам спортшы 62 спорт түрімен тұрақты түрде айналысады

Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» туристік кешенінде Қазақстан Республикасының VIII Халық ойындарының ашылу салтанаты өтті. Ұлттық нақыш пен заманауи технологиялар үйлесім тапқан мерекелік кеш еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар мен көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов қатысып, жарысқа қатысушыларды дүбірлі доданың басталуымен құттықтады.

Облыс әкімі өз сөзінде Халық ойындарының бұқаралық спортты дамытудағы маңызына тоқталып, Түркістан өңіріндегі спорт саласының жетістіктерін атап өтті.

– Қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер! Баршаңызды түркі дүниесінің алтын бесігі саналатын киелі Түркістан төрінде өтіп жатқан VIII Халық ойындарының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін біз ұлттық рухты ұлықтайтын, салауатты өмір салтын дәріптейтін және бұқаралық спорттың мәртебесін арттыратын үлкен спорт мерекесінің куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде еліміздің барлық өңірінде жаңа спорт нысандары салынып, спортпен шұғылданатын азаматтардың қатары артып келеді. Бұл үрдіс Түркістан облысында да қарқынды жалғасуда, – деді Нұралхан Көшеров.

Өңір басшысының айтуынша, бүгінде облыста 89 мыңнан астам спортшы 62 спорт түрімен тұрақты түрде айналысады. Жалпы халықтың 43 пайыздан астамы дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Балалар спортына ерекше көңіл бөлініп, 51 спорт мектебінде 40 мыңға жуық жасөспірім жаттығып жүр. Биылғы жылдың алғашқы бес айында облыс спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда 657 медаль жеңіп алып, ұлттық құрамалар қатарына 788 спортшы енген. Сонымен қатар 10 спортшы Азия ойындарына жолдама иеленген.

Облыста спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда 20 жаңа спорт нысанының құрылысы жалғасып жатыр. Соның нәтижесінде Түркістан өңірі республикалық және халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды өткізуге мүмкіндік алып отыр.

Биылғы Халық ойындарына еліміздің барлық өңірінен келген 2300-ден астам спортшы мен жаттықтырушы қатысуда. Бұл жарыстың ауқымы мен беделінің жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, Халық ойындарының елдегі спорт қозғалысын дамытудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.

Ашылу рәсімінде барлық командалар су үстіндегі ерекше шерумен таныстырылды. Сондай-ақ театрландырылған қойылымдар, этно-фольклорлық композициялар мен танымал өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылып, мерекелік кештің сәнін келтірді.

Айта кетейік, VIII Халық ойындары аясында спортшылар баскетбол 3х3, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, үстел теннисі, футзал, асық ату, қол күресі және гір спортынан сынға түседі. 20 маусымға дейін жалғасатын жарыстар қорытындысында үздік спортшылар мен командалар анықталады. Халық ойындары бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп қана қоймай, ел өңірлерінің арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қоспақ.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысындағы «Қауіпсіз қоғам» жобасы

admin

Түркістанда 197 млрд теңгенің 17 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда

admin

В Мангистау нашли следы древнего города, связанного с Римом и Китаем

admin

Пікір жазу