Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ӨТКЕН ТҮНГІ МАРАФОНҒА 3 МЫҢҒА ЖУЫҚ АТЛЕТ ҚАТЫСТЫ

Түркістан қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Turkestan Night Run – 2026» атты алғашқы түнгі жүгіру марафоны өтті.

«Turkestan Night Run – 2026» – тек жүгіру жарысы емес, Ұлы Жібек жолының рухын заманауи форматта жаңғыртқан түнгі фестиваль. Іс-шараның басты ұраны – «Сен жай ғана жүгірмейсің – сен ғасырларға созылған жолдан өтесің». Бұл идея қатысушыларға ежелгі керуен сапарын символикалық түрде сезінуге мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жарысқа қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі.

– Бұл іс-шара тек спорттық жарыс қана емес, бұл – бірлік пен жігердің, салауатты өмір салтын дәріптеудің мерекесі. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ шетелден келген кәсіби атлеттер мен әуесқой спортшылар бас қосуда.
Түркістан төрінде осындай ауқымды іс-шараның өтіп жатқанына қуаныштымыз. Марафон арқылы бұқаралық спорт дамып қана қоймай, қаламыздың туристік және спорттық әлеуеті де кеңінен таныстырылады, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.

🔰Жарыс кешкі уақытта басталып, қала көшелері ерекше жарықпен, музыкалық сүйемелдеумен және театрландырылған қойылымдармен көмкерілді. Трасса бойында «Оазис», «Уақыт құмдары», «Қасиетті Түркістан» секілді тақырыптық аймақтар құрылып, әрбір қашықтық тарихи сапардың кезеңдерін бейнеледі.

Халықаралық деңгейдегі марафонға жалпы саны 3 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде 6 елден келген 70 шетелдік спортшы және Қазақстанның әр өңірінен жиналған 800-ге жуық адам бар. Жалпы ауқымды додаға 5 мыңнан аса адам жиналды. Марафонға қатысушылар 5,10 және 21 шақырым қашықтықтарда бақ сынасты.

Кеш барысында көрермендер үшін би сайыстары, викториналар және балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары өтті. Жарыс соңында жеңімпаздар марапатталып, қатысушыларға сыйлықтар табысталды.

«Turkestan Night Run – 2026» – спорт, мәдениет және тарихты тоғыстырған ерекше жоба. Бұл бастама Түркістанды халықаралық деңгейдегі спорттық-туристік орталық ретінде дамытуға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Реформалардың мәні – 4: Қуатты өңірлер – қуатты ұлт

admin

Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйледі

admin

Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығының жаңа кезеңі

admin

Пікір жазу