Келес ауданы бойынша барлық референдум учаскелерінде алғашқы болып дауыс берген азаматтарға арнайы сыйлықтар табысталып, оларға алғыс білдірілді.
Таңғы сағаттан бастап учаскелерге ерте келген тұрғындар өз таңдауларын жасап, елдің маңызды саяси науқанына белсенді қатысуда.
2026 жылғы 15 наурыз күні Қазақстан Республикасында республикалық референдум өтуде. Жалпыхалықтық дауыс беруге Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі шығарылған.
Дауыс беруге қойылған сұрақ: «2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?»
Осыған байланысты Келес ауданында барлық референдум учаскелері таңғы сағат 07:00-де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен салтанатты түрде ашылды. Учаскелерде комиссия мүшелері өз міндеттеріне кірісіп, дауыс беру процесін ұйымдастыруға барлық жағдай жасалды.
Жалпы Келес ауданында 131 093 тұрғын бар. Оның ішінде 69 812 азамат дауыс беру құқығына ие. Ауданда барлығы 61 референдум учаскесі жұмыс істейді.
Референдум учаскелерінде қоғамдық тәртіп пен заң талаптарының сақталуы қамтамасыз етіліп, тұрғындардың еркін әрі ашық дауыс беруіне барлық мүмкіндік қарастырылған. Келес ауданының тұрғындары ел болашағына қатысты маңызды саяси науқанға белсенді қатысуда.
