Көші-қон – адамзат тарихындағы табиғи және үздіксіз құбылыс. Қазіргі жаһандану жағдайында оның ауқымы мен әсері бұрынғыдан да күшейді. Көші-қон үрдістері елдің әлеуметтік, экономикалық және демографиялық дамуындағы маңызды факторлардың бірі болып саналады. Халықтың белгілі бір аумақтан басқа өңірге, не мемлекетке қоныс аударуы аймақтардың еңбек нарығына, инфрақұрылымдық дамуына, сондай-ақ әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей ықпал етеді.
Қазақстан жағдайында ішкі көші-қон аймақтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктің нәтижесі әрі оның реттеушісі ретінде сипатталады. Әсіресе Түркістан облысы мен басқа оңтүстік аймақтарда бұл үрдіс айқын көрініс табуда.
Түркістан облысы – Қазақстандағы халқы ең тығыз орналасқан аймақтардың бірі. Табиғи өсімнің жоғары болуы мен туу көрсеткішінің тұрақты артуы өңірдің демографиялық әлеуетін арттырғанымен, көші-қон экономикалық бағыты бойынша даму болып отыр.
Мемлекеттің «Оңтүстіктен – Солтүстікке» қоныс аудару бағдарламасы еңбек ресурстарының теңгерімді таралуын және ел аумағындағы демографиялық теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Алайда Түркістан облысында көші-қонның күшеюіне бірқатар әлеуметтік және экономикалық факторлар әсер етуде.
Ауылдық жерлерде жұмыс орындарының тапшылығы, әлеуметтік инфрақұрылымның төмендігі, білім мен медициналық қызмет сапасының жеткіліксіздігі тұрғындарды ірі қалаларға көшуге итермелейді. Бұл ретте Түркістан, Шымкент, Астана және Алматы қалалары ең тартымды бағыттардың бірі болып отыр.
Ішкі көші-қонның артуы елдің демографиялық құрылымын өзгертумен қатар, әлеуметтік бейімделу мәселелерін де тудырып отыр. Қала маңында заңды тіркеусіз тұратын, тұрғын үй мен әлеуметтік қызметтерге толық қол жеткізе алмайтын тұрғындар шоғырланған жаңа ықшамаудандар қалыптасуда.
Мұндай құбылыстар көші-қонның реттелмеуінен және тұрғын үй, еңбек нарығы мен әлеуметтік инфрақұрылым саясатының үйлесімсіздігінен туындайды. Сондықтан көші-қонды тиімді басқару және оның салдарын жүйелі зерттеу мемлекеттік даму стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады.
Жұмыс іздеп келушілердің заңды түрде еңбекке орналасу, тұрғын үй алу мүмкіндіктерін кеңейту – көші-қон тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі тетігі. Сонымен қатар, еңбек нарығы мен халықтың орналасуы арасындағы үйлесімділікті сақтау ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылықтың негізін қалайды.
Қазақстандағы ішкі көшіп-қонушылардың басым бөлігі – жастар. Олар көбіне экономикалық белсенді, білім алуға және өмір сапасын жақсартуға ұмтылатын әлеуметтік топ ретінде ерекшеленеді.
Жастар көші-қонының негізгі себептері:
-
жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерінің аздығы;
-
білім беру сапасының өңірлер бойынша әркелкілігі;
-
урбанизация және заманауи өмір салтына бейімделу ниеті.
Дегенмен, жастардың көші-қон процесінде әлеуметтік бейімделу қиындықтары да бар. Бұл – жаңа ортаға интеграция, тұрғын үй мәселесі, әлеуметтік қолдау тетіктерінің әлсіздігі және саяси институттарға сенімнің төмендігі.
Жастардың экономикалық және әлеуметтік сұраныстарын қанағаттандыратын, оларға болашаққа сенім ұялататын жүйе қалыптаспайынша, көші-қон үрдісі тұрақсыз сипат ала береді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) мен Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҚҰ) анықтамасы бойынша, көші-қон — адамдардың өз тұрғылықты жерін мемлекет ішінде немесе халықаралық шекара арқылы уақытша немесе тұрақты түрде ауыстыру процесі.
Көші-қон бірнеше негізгі түрге бөлінеді:
-
Халықаралық және ішкі көші-қон – шекарадан өтіп немесе мемлекет ішінде орын ауыстыру.
-
Эмиграция және иммиграция – халықтың кетуі мен келуі.
-
Тұрақты және уақытша көші-қон – ұзақ мерзімді немесе маусымдық көшу.
-
Ерікті және мәжбүрлі көші-қон – адамның еркімен немесе сыртқы факторлардың әсерінен көшуі.
-
Ұйымдастырылған және табиғи көші-қон – мемлекет немесе жеке бастамалар арқылы жүзеге асырылатын көшу.
-
Құжатталған және құжаттандырылмаған көші-қон – заңды және заңсыз көші-қон нысандары.
Көші-қонның негізгі мақсаттары мен факторлары экономикалық (жұмыс, табыс), әлеуметтік (оқу, отбасына қосылу), саяси (қауіпсіздік), экологиялық (қоршаған ортаның жағдайы) сипатта болады.
Көші-қон үрдістерін тұрақты бақылау және талдау экономикалық даму саясаты мен аймақтық жоспарлауда шешуші рөл атқарады. Миграциялық ағымдар туралы нақты статистикалық және сапалық деректерсіз еңбек нарығындағы теңгерімсіздік, тұрғын үй тапшылығы, инфрақұрылым жетіспеушілігі сияқты әлеуметтік мәселелерді шешу мүмкін емес.
Сонымен қатар, көші-қон саясаты жастардың әлеуетін пайдалану мен аймақтық экономикалық дамуды теңестіру бағытында жүргізілуі қажет.
Көші-қон – елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуының маңызды индикаторы. Қазақстандағы көші-қон процестері өңірлік теңсіздікті, еңбек ресурстарының әркелкі таралуын және урбанизацияны айқын көрсетеді.
Түркістан облысы мысалында көші-қонның табиғи өсімге қарамастан халық санына әсер етіп отырғаны байқалады. Бұл – өңірлік саясат пен әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіздігін білдіреді.
Көші-қонды тиімді басқару, оның себептерін нақты анықтау және жастардың әлеуетін ел ішінде дамыту – ұлттық тұрақтылық пен ұзақ мерзімді даму кепілі.