Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Осы бастаманы жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында «Жұмысшы мамандықтар жылы: жаңа мүмкіндіктерге жол ашу» атты форум өтті. Ауқымды іс-шара жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға, жастардың еңбекке деген қызығушылығын оятуға және өңірдегі кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталды.
Форумға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстапа Сүлейменов, аудандық мекемелердің басшылары, колледж директорлары, мектеп оқушылары мен студенттер, еңбек ардагерлері, пробация есебіндегі азаматтар және аудан тұрғындары қатысты. Іс-шара өңірдің еңбек нарығындағы сұранысты ескеріп, жұмысшы және техникалық мамандықтардың қоғамдағы маңыздылығын насихаттауға арналды.
Форум аясында аудан орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда жергілікті мекемелер мен кәсіпорындар жүздеген жұмыс орнын ұсынды. Қатысушылар еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау саласындағы заңнамалар жөнінде мамандардан кеңес алды. Сонымен қатар аудандағы арнайы орта оқу орындарының шәкірттері өз жұмыстарын ұсынған кәсіби көрме өтті. Көрмеде студенттер мен жас мамандар өздерінің қолөнер бұйымдарын, жобаларын, өндірістік тәжірибеде қолданылатын жаңа технологиялар мен жетістіктерін таныстырды.
Жәрмеңкеге «Еңбек» бағдарламасы арқылы өз кәсібін ашқан грант иегерлері де қатысты. Олар өз өнімдерін жұрт назарына ұсынып, кәсіпкерлік бағытында жеткен жетістіктерімен бөлісті. Кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы ақпараттар мен кеңестер беріліп, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеке ісін бастау жолдары түсіндірілді.
Форумның негізгі бөлігі Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде өтті. Жиынды аудан әкімі Арман Абдуллаев ашып, ел Президенті жариялаған бастаманың маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде аудан көлемінде жұмысшы мамандықтарын дамытуға, техникалық кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, бүгінде жастар арасында нақты мамандық игеру, еңбекке араласу үрдісі күшейіп келеді. Жергілікті колледждер мен кәсіпорындардың өзара әріптестігі арқасында бітіруші түлектердің басым бөлігі тұрақты жұмысқа орналасуда.
Форум барысында Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің директоры Бағлан Шығанов пен №12 колледждің директоры Ерлан Рысбаев баяндамалар жасап, оқу орындарындағы заманауи білім беру жүйесі, дуальды оқыту тәжірибесі және техникалық маман даярлаудағы жаңа тәсілдер туралы айтты. Сонымен қатар кәсіпкер Бектас Елемесов өз ісін ашу жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, жастарды еңбекқорлық пен табандылыққа шақырды. Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің оқытушысы, 39 жасында мал дәрігері атанған Ербол Жассақов өз өмірлік жолы арқылы жұмысшы мамандығының қоғамдағы маңызын атап өтті.
Іс-шараның соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Өнер ұжымы еңбек адамын дәріптейтін патриоттық әндер мен би нөмірлерін орындап, форум қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қазіргі таңда Сарыағаш ауданында 6 колледж жұмыс істейді. Бұл оқу орындарында 5076 студент білім алуда. Оның ішінде Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық және №12 колледждері аудандағы негізгі техникалық және жұмысшы мамандық иелерін даярлауға маманданған. Колледж түлектері ауыл шаруашылығы, құрылыс, сервис, тігін ісі, механика және ветеринария сияқты бағыттарда білікті маман ретінде еңбек етуде.
Форум барысында қатысушылар жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту, еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау, кәсіптік білім беруді дамыту және оқу орындары мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту мәселелерін талқылады. Мамандар еңбек адамының мәртебесін арттырудың ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға, дуальды оқыту жүйесін кеңейтуге және түлектерді жұмысқа орналастыруға ерекше назар аударылып отыр. Бұл бағыттағы кешенді шаралар жастардың нақты мамандық игеруіне және өз әлеуетін ел дамуына бағыттауына жол ашады.
Сарыағаш ауданында өткен «Жұмысшы мамандықтар жылы: жаңа мүмкіндіктерге жол ашу» форумы еңбек адамын дәріптеу мен жастардың кәсіби бағдарын айқындауда маңызды алаңға айналды. Шара қорытындысында қатысушылар бірлесе жұмыс істеу, жастарды еңбекке баулу, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және өңір экономикасын дамыту бағытында ұсыныстар қабылдады.
Осындай форумдар мен кездесулер арқылы қоғамда жұмысшы мамандықтарының маңызы артып, жастардың еңбекке деген қызығушылығы күшейе түспек. Бұл өз кезегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеруге және ұлттық экономиканың нақты секторы үшін білікті кадрлар даярлауға зор үлес қосады.
