Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Ұлы Дала философиясы және құқықтық мәдениет» халықаралық симпозиумы өтті. ҚР Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараны Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты, Түркістан облысының әкімдігі және университет бірлесіп өткізді.
Халықаралық симпозиумның негізгі мақсаты – түркі дүниесінің көне құқықтық дәстүрлері, билер институтының тәжірибесі, дала өркениетінің әділет пен ар-ожданға негізделген құқықтық мәдениеті, сондай-ақ Ахмет Ясауи ілімінің қазіргі құқық жүйесіне ықпалы жөнінде ғылыми талқылау. Жиынға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан жетекші ғалымдар мен құқық саласының мамандары қатысты.
Секциялар мен пленарлық отырыстарда қатысушылар адамгершілік, әділет және жауапкершілік ұстанымдарының қазіргі мемлекеттік басқару мен құқықтық тәрбиеге әсерін талқылады. ҚР Конституциялық Соты төрағасы Эльвира Азимова құқықтық мәдениет тек рухани негізде ғана қоғам сенімін арттыра алатынын атап өтті.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің құттықтау хаттарын оқып берді. Әзербайжан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Рашид Рзаев және Қазақстаннан, сондай-ақ түркі елдерінен құқық және мәдениет саласының сарапшылары сөз сөйледі.
Симпозиум соңында қатысушылар ғылыми бастамаларды дамыту жөнінде ұсыныстар қабылдады: арнайы ғылыми жинақ шығару, «Түркі дүниесінің құқықтық терминдер сөздігін» әзірлеу және түркі елдері университеттері арасында құқықтық зерттеулер желісін құру. Бұл жобалар түркі халықтарының ортақ құқықтық мұрасын жүйелеп, қазіргі ғылыми ортаға енгізуге мүмкіндік береді.
Екі күнге созылған жиын Ұлы Дала философиясының қазіргі заманғы құқықтық мәдениетке қосатын үлесін айқын көрсетті.
