Түркістан қаласында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы «Білім берудегі көшбасшы бағдары» атты өңірлік басқару интенсивін өткізді. Іс-шараға Түркістан облысындағы орта білім беру ұйымдарынан 800-ге жуық мектеп директоры қатысты.
Ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық білім басқармасы басшысының м.а. Ғалымжан Орынов және Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Толқын Айдосова сөз сөйлеп, білім сапасын жақсартудағы басқарушылық құзыреттіліктің рөліне тоқталды.
Ертай Алтаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың педагог мәртебесі туралы айтқан негізгі қағидаларын еске салып, өңірде білім саласына жүйелі қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, былтыр жүзеге асқан «Мектеп менеджменті: басқару аспектілері мен әдістері» атты біліктілік арттыру курсын 762 мектеп басшысы бітірген. Бұл – мектепті тиімді басқаруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Интенсив барысында педагог-тренер Ескендір Бестай нәтижелі басшылыққа қатысты негізгі ұстанымдарды түсіндірсе, Түлкібас ауданындағы Н.Жандарбеков атындағы мектеп директоры Гүлжан Әмірбекова басқару тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдын Түсіпжанов мектеп қауымдастығындағы ортақ құндылықтарды дамыту мен командалық жұмыстың маңызын атап өтті.
Бағдарламаға стратегиялық жоспарлау, кадрлық жұмыс, кәсіби мәдениет, шешім қабылдау, цифрлық басқару, серіктестік орнату, ресурстарды тиімді пайдалану, қауіпсіз білім беру ортасын құру, жоба менеджменті секілді маңызды бағыттар енгізілді. Шеберлік сағаттары мен тәжірибелік кейс-сессиялар директорларға өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
«Білім берудегі көшбасшы бағдары» жобасы Педагогикалық шеберлік орталығының мектеп басшыларын кәсіби тұрғыда қолдауға бағытталған кешенді бастамасының бір бөлігі болып табылады. Орталық 2023 жылдан бері «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа буын білім беру көшбасшыларын дайындауды жалғастырып келеді.
