Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті мәжілісі өтті. Отырысты облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті. Күн тәртібінде төрт маңызды мәселе қаралды.
Көші-қон мәселесі назарда
Көші-қон саласындағы жұмыстардың профилактикасы туралы Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Б.Айтпаев, Сарыағаш ауданының әкімі А.Абдуллаев және Ордабасы ауданының әкімі А.Оралбаев баяндама жасады.
Өңірде шетелдіктердің жүріп-тұруы мен заң талаптарын сақтау мәселесі тұрақты бақылауда. Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 11 362 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде елде болу тәртібін бұзған шетелдіктер саны – 3723 адам.
Облыс аумағында «Мигрант», «Заңсыз келуші», «Құқық тәртібі» және өзге де жедел профилактикалық іс-шаралар тұрақты негізде өткізіліп келеді. Сонымен қатар, заңсыз көші-қонды ұйымдастыратын делдалдар бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу – басты міндет
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және адам өліміне әкелетін жағдайларды азайту мәселесі де жиында кеңінен талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар жөнінде жауапты департамент пен басқарма басшылары есеп берді.
Жолдардағы жағдайды тұрақтандыру үшін Полиция департаменті мен мүдделі мемлекеттік органдар кешенді шаралар қабылдауда. Қазіргі таңда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күн сайын 290 патрульдік полиция қызметкері жұмылдырылады.
Жыл соңына дейін апат жиі тіркелетін учаскелерге қосымша 100 бейнебақылау кешенін орнату жоспарланған. Бұған қоса, 2 жылжымалы кешен сатып алынды. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілген.
Жаңа оқу жылының басталуына орай облыстағы 2575 білім беру ұйымының алдында жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылуда.
Биыл жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған 524 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылып, 605 жүргізуші мас күйінде көлік тізгіндегені үшін сот шешімімен әкімшілік қамауға алынды.
Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Биыл 1 241,5 шақырымды қамтитын 288 нысанда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 233 нысан (951,4 шақырым) пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
– «Автомобиль жолдарындағы жол белгілері мен жарнамалық тақтайшаларды ретке келтіру, жол жүру мәдениетін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Автомектептердің қызметіне талдау жасап, талапқа сай келмеген жағдайда лицензияларын қайта қарастыру керек. Сонымен қатар, республикалық жолдарда қолданылып жүрген орташа жылдамдықты өлшеу тәжірибесін облыстық және аудандық жолдарға да енгізу ұсынысын әзірлеуді тапсырамын», – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Құқықбұзушылықтың өзге түрлеріне де назар аударылды
Комиссия отырысында сондай-ақ «Пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмыспен қамту шаралары мен бекітілген квотаның орындалуы» және «Салық саласындағы құқықбұзушылықтар мен алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау» мәселелері талқыланды.
Жыл басынан бері пробация қызметі есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында облыс көлемінде 42 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Нәтижесінде 522 адам мансап орталықтарына жүгініп, 457 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 249 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Биыл бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққан азаматтар үшін 17 квота орны белгіленген. Есепті кезеңде 29 азамат жұмыспен қамту мәселесімен өтініш берген.