Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

Түркістан облысында полицейлер 2 мыңнан астам оқушымен кездесті

Түркістан облысында полиция қызметкерлері 2 мыңнан астам оқушымен кездесіп, «Заң және тәртіп» қағидатын дәріптеу бағытында ауқымды профилактикалық іс-шаралар өткізді.

Бұл бастама Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен жүзеге асырылды. Кездесулердің негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың, буллингтің, нашақорлық пен лудоманияның, сондай-ақ отбасындағы зорлық-зомбылық, интернет-алаяқтық, дропперлік және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Іс-шараларға полиция басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, білім беру ұйымдарының өкілдері және «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары қатысты.

Кездесулер барысында балаларға заңға құрметпен қарау, өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстану және қоғамдық тәртіпті сақтау жөнінде түсіндірме жүргізілді.

Мысалы, Түркістан қаласы мен Мақтаарал ауданында өткен кездесулерге 500-ден астам оқушы қатысты. Полицейлер жасөспірімдерге түнгі уақытта ересектерсіз жүрудің салдары, жол қозғалысы ережелерін сақтау және жеке қауіпсіздік шаралары туралы егжей-тегжейлі түсіндірді.

Сонымен қатар, оқушылар назарына қорқыту, лудомания және есірткіге тәуелділіктің зияны туралы театрландырылған қойылымдар мен бейнероликтер ұсынылды. Ардагерлер өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды адамгершілікке, отансүйгіштікке және дұрыс таңдау жасауға шақырды.

Осындай іс-шаралар Бәйдібек, Төлеби, Келес, Шардара, Сайрам, Отырар, Қазығұрт және өзге де аудандарда да өткізілді.

Полиция департаменті тарапынан «Жас сақшы» полиция сыныптарының жұмысына ерекше назар аударылып отыр. Бұл бастама жасөспірімдердің полиция қызметіне деген қызығушылығын арттыруға, құқықтық сауаттылығын жетілдіруге және азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.

Оқушыларға Алматы, Қарағанды, Қостанай және Ақтөбе қалаларындағы Ішкі істер министрлігінің оқу орындарына түсу тәртібі туралы толық ақпарат берілді.

– Бүгінгі жастар – елдің болашағы. Олардың заңға деген құрметі мен құқықтық мәдениеті – тұрақты әрі қауіпсіз қоғамның негізі. Сондықтан тәртіп пен әділдік қағидаттарын бала кезден бойға сіңіру – басты міндет, – деді Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілдері.

Тәртіп сақшылары мұндай кездесулердің жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда, құқық бұзушылықтардың алдын алуда және қауіпсіз қоғам құруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі брифинг өткізді

admin

КЕЛЕСТЕ ҚАУІПСІЗ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

admin

Сайрам ауданында түнгі рейд: жастардың қауіпсіздігі басты назарда

admin

Пікір жазу