Түркістан облысында биыл Наурыз мейрамы заманауи форматта ұйымдастырылып, ұлттық дәстүрлер мен цифрлық технологиялардың үйлесімі кеңінен көрініс тапты. Өңірде мерекелік бағдарламаларды өткізу барысында жасанды интеллект пен инновациялық IT-шешімдерді қолдануға басымдық берілді.
Мереке аясында облыс көлемінде 350-ден астам мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шараларды офлайн форматта 300 мыңнан астам тұрғын мен қонақ тамашалады. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен ақпараттық платформалар арқылы жүргізілген ақпараттық насихат нәтижесінде онлайн кеңістіктегі қамту 2 миллионнан астам қолданушыға жетті.
Наурыз мерекесінің ерекшелігі – ұлттық салт-дәстүрлерді заманауи технологиялар арқылы жаңаша таныстыру болды. Осы мақсатта өңірде 10-нан астам цифрлық жоба іске асырылып, интерактивті алаңдар мен инновациялық форматтағы бағдарламалар ұсынылды.
Мерекелік іс-шаралар аясында 100 тақырыптық киіз үйден тұратын этноауыл құрылып, онда қазақ халқының мәдениеті, ұлттық тағамдары, қолөнері мен салт-дәстүрлері кеңінен насихатталды. Этноауыл алаңдарында ұлттық ойындар, көрмелер мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, келушілерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мәдени бағдарламаға 250-ден астам мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында танымал эстрада жұлдыздары – RaiM, Ерке Есмахан, Төреғали Төреәлі және KeshYou тобы бар. Өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламалар мерекелік шараның мазмұнын айшықтай түсті.
Сонымен қатар мерекелік алаңдарды безендіруге ерекше мән берілді. Облыс аумағында орнатылған 167 LED-экран мен баннер мерекелік іс-шараларды визуалды тұрғыдан толықтырып, өңірдің бай тарихи мұрасы мен заманауи технологиялық мүмкіндіктерін үйлестіре көрсетті.
Осылайша, Түркістан облысында ұйымдастырылған Наурыз мерекесі ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, инновациялық технологиялармен толыққан жаңа форматтағы мәдени іс-шара ретінде жоғары деңгейде өтті.
