Түркістан облысында құқық қорғау органдарының бастамасымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру бағытында кешенді іс-шаралар жалғасып жатыр.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында өңірдің барлық ауданында жедел-профилактикалық рейдтер өткізілуде. Іс-шараларға облыстық полиция департаментінің әкімшілік және патрульдік полиция бөлімшелері жұмылдырылған.
Рейдтер барысында 334 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталып, 45 автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды. Сондай-ақ екі жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.
Жиі кездесетін заңбұзушылықтарға жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, құжаттардың болмауы және жылдамдықты шамадан тыс арттыру жатады.
– Әрбір жүргізуші жолда мұқият болып, ережелерді бұлжытпай орындауы тиіс. Бұл – өз өмірін және өзгенің өмірін қорғау деген сөз, – дейді Түркістан облыстық Полиция департаментінің өкілдері.
Сондай-ақ облыс аумағында өткізілген «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 1 700-ден астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде 26 жүргізуші жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында полицейлер мен ардагерлер оқу орындарында жастармен кездесулер өткізіп келеді. Түркістан қаласында және облыстың бірнеше ауданында өткен кездесулерге 2 мыңнан астам оқушы қатысты.
Кездесулер барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, буллинг, нашақорлық пен лудоманияның зияны, сондай-ақ жол қозғалысы және интернет қауіпсіздігі тақырыптары талқыланды.
– Бүгінгі жастар – ел болашағы. Олардың заңды құрметтеуі мен тәртіпті сақтауы – тұрақты әрі қауіпсіз қоғамның кепілі, – деді Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы.
Ардагерлер өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жас буынды жауапкершілікке, адамгершілікке және салауатты өмір салтына шақырды.
Түркістан қаласында интернет кеңістігінде жасалатын алаяқтық фактілерінің алдын алу бойынша да түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тұрғындарға күмәнді хабарламалар мен жалған сілтемелерге сенбеу, жеке деректер мен банк картасы туралы мәліметтерді ешкімге бермеу керектігі ескертілді.
Полиция қызметкерлері азаматтарды киберқылмысқа қарсы қырағылық танытуға және тек ресми дереккөздерге жүгінуге шақырды.
Құқық қорғау органдарының бастамасымен жүргізіліп жатқан бұл шаралар Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асырудың нақты көрінісі болып табылады.
Облыс полицейлері азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, қоғамда заңға деген құрметті қалыптастыру және қауіпсіз орта құру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.
