Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БЫЛТЫР 150 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан облысында халықты нәтижелі жұмыспен қамту, еңбек нарығын тұрақтандыру және тұрғындардың табысын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2025 жылы өңірде жұмыссыздық деңгейін төмендету және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, нақты көрсеткіштер айқындалған болатын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылы 147 719 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 100 046 тұрғын тұрақты жұмыс орындарына орналасса, 47 673 адам уақытша жұмыспен қамту шараларына тартылды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы баяндады. Оның айтуынша, облыстағы еңбек нарығындағы ахуал тұрақты бақылауда және барлық көрсеткіштер мемлекеттік бағдарламалар аясында орындалуда.

Қазіргі таңда облыс бойынша 822 014 азамат жұмыспен қамтылған. Оның 442 211-і жалдамалы қызметкерлер болса, 379 803-і өздігінше жұмыспен қамтылған азаматтар санатына жатады. Өңірде ресми түрде 40 мыңға жуық тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш республикадағы орташа деңгейден аспайды. Сонымен қатар жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,8 пайыз болса, әйелдер арасындағы жұмыссыздық 5,4 пайызды құрап отыр.

Жұмыспен қамту шаралары тек бос жұмыс орындарын ұсынумен шектелмейді. Мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына 31 мыңнан астам азамат жолданған. Атап айтқанда, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы және алғашқы жұмыс орны жобалары арқылы тұрғындар еңбекке тартылуда. Бұл бастамалар еңбек тәжірибесі жоқ жастар мен әлеуметтік осал топтарға нақты қолдау көрсетуде.

Ұлттық жобалар аясында 357 жоба жүзеге асырылып, 4 333 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасына сәйкес өңірде 35 917 жұмыс орны ашылған. Бұл – облыстағы жұмыспен қамту саясатының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсететін нақты нәтиже.

Өңірде кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше мән берілуде. 2025 жылы жаңа бизнес-идеяларды қолдау мақсатында 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 1 792 азаматқа 2,8 млрд теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілді. Грант иелері өндіріс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, тігін, наубайхана, мал шаруашылығы және басқа да бағыттар бойынша өз кәсіптерін ашып, қосымша жұмыс орындарын құруда. Бұл шаралар халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуына және табысын арттыруына мүмкіндік беріп отыр.

Алдағы кезеңге де нақты жоспарлар айқындалған. 2026 жылы «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 74 516 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар облыста жүзеге асырылатын 77 инвестициялық жоба нәтижесінде 1 136 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Инвестициялық жобалар өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс материалдары өндірісі және қайта өңдеу салаларын қамтиды.

Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды еңбекке тарту мақсатында 2025 жылы бекітілген 177 квота орны толық орындалды. 2026 жылға 119 мекемеге 180 квота орны белгіленді. Бұл шаралар құқық бұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.

Өткен жылы облыста 62 244 адамға 6,1 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. 2026 жылы кедейлікті төмендету мақсатында 59,1 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету жоспарланып, бұл бағытқа 6,5 млрд теңге қарастырылған. Әлеуметтік қолдау шаралары табысы төмен отбасылардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыстың барлық аудан-қалаларында 17 Отбасын қолдау орталығы ашылды. Бұл орталықтарда 6 667 азаматқа құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңес беру қызметтері көрсетілген. Отбасылық институтты нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету – орталықтардың негізгі міндеті.

Облыста 102 401 адам мүгедектігі бойынша есепте тұр. 2025 жылы мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау және олардың құқықтарын қорғау мақсатында 19,6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар 65 994 адамды әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету үшін республикалық және облыстық бюджеттерден 13,5 млрд теңге қарастырылды. Бұл қаражат протездік-ортопедиялық құралдармен, арнаулы әлеуметтік қызметтермен және оңалту бағдарламаларымен қамтамасыз етуге бағытталған.

Көші-қон саласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы Түркістан облысына 990 этникалық қазақ қоныс аударып, оларға «Қандас» мәртебесі берілді. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес өңірге шетелдік жұмыс күшін тартуға 1 107 бірлік квота бекітіліп, 1 137 шетел азаматына жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бұл еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес жүзеге асырылған шаралар.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту, еңбек нарығын дамыту және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде. Жаңа инвестициялық жобалар мен кәсіпкерлікті қолдау тетіктері тұрақты жұмыс орындарын құруға негіз болып отыр. Алдағы уақытта да өңірде жұмыспен қамтуды арттыру, халықтың табысын көбейту және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫНДА БАССЕЙНІ БАР ЗАМАНАУИ СПОРТТЫҚ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

admin

«ӘЛЕУМЕТТІК БАҚША» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ӘЛЕМЕТТІК ОСАЛ ТОПТАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛІП ЖАТЫР

admin

Түркістан облысында заң үстемдігін және әділетті қоғамды қамтамасыз ету жолындағы жаңа қадамдар

admin

Пікір жазу