Түркістан облысында 2025 жылы тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытында ауқымды шаралар жүргізілді. Облыс әкімдігінің бекіткен «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бағдарламасы өңір тұрғындарын сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, жұмыссыздық деңгейін төмендету және экономикалық белсенділікті арттыру мақсатында іске асырылды. Бағдарлама аясында 130 769 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп, бұл республика бойынша құрылатын жұмыс орындарының 14,5 пайызын құрады.
Жыл қорытындысымен облыста 147 719 азамат жұмыспен қамтылып, оның ішінде 100 046 тұрақты және 47 673 уақытша жұмыс орындары жасақталды. Соның нәтижесінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіштер жұмыспен қамтуды арттыру мен азаматтардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы нақты нәтижені көрсетеді.
2025 жылғы атқарылған шаралар мен алдағы міндеттер облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жұмыспен қамту мен өндіріс орындарын ашуды басты стратегиялық міндет деп атап, жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты күшейтуді тапсырды.
– «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясындағы міндеттерді сапалы орындауды, жұмысқа орналасқан азаматтарға зейнетақы жарналарының аударылуын қадағалауды тапсырамын. Субсидияланатын жұмыс орындарына, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары мен «Күміс жас» жобасына тартылған тұрғындар нақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Аудан, қала әкімдері кәсіпорындарды аралап, штаттық кестелерді анықтап, халықты еңбекке тартыңыздар. Жұмысты үйлестіріңіздер. Тұрғындарды қолдау мен түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді Н.Көшеров.
Мәжілісте жұмыспен қамту жоспарын орындамаған аудан және қала әкімдерінің есептері тыңдалып, тиісті ескертулер берілді. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Мекенхан Қозыханұлы 2025 жылғы негізгі нәтижелерді атап өтті. Еңбекпен қамту бес бағыт бойынша жүргізілді:
-
4 074 жұмыс орны ұлттық жобалар мен жеке инвестициялық жобалар аясында құрылды;
-
22 595 жұмыс орны «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы бойынша ашылды;
-
45 000 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды;
-
57 221 адам бос жұмыс орындары арқылы тұрақты жұмысқа орналастырылды;
-
1 793 азаматқа грант беру арқылы өз кәсібін бастау мүмкіндігі жасалды.
Бұл көрсеткіштер 2025 жыл үшін межеленген индикаторлардың толық орындалғанын және өңірдегі жұмыспен қамту саясатының тиімділігін дәлелдейді. Сонымен қатар, азаматтардың кәсіби тәжірибесін арттыруға, олардың дағдыларын жетілдіруге, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға және әлеуметтік тұрмысты жақсартуға айтарлықтай үлес қосылды.
Алдағы 2026 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 74 516 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде 54 481 тұрақты және 20 035 уақытша жұмыс орны құру көзделген. Жоспар бойынша:
-
40 588 адам бос жұмыс орындарына жолданады;
-
2 472 тұрғын ұлттық жобалар негізінде ашылатын жұмыс орындарына тартылатын болады;
-
11 476 адам «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналасады;
-
18 530 адам субсидияланатын жұмыс орындарына тартылады;
-
1 450 азаматқа грант беру межеленген.
Жұмыс орындары инфрақұрылымдық жобаларға, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікке, туризм мен ауыл шаруашылығына бағытталады. Айрықша жобалар қатарында «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» мен «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» компаниялары бар, оларда мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылуы жоспарланған. Бұл жобалар өңірдегі экономикалық өсім мен инвестициялық белсенділікті арттыруға тікелей ықпал етеді.
Жұмыспен қамту саясаты тек жаңа жұмыс орындарын ашумен шектелмейді. Ол әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар, жастар, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар үшін нақты қолдау шараларын қамтиды. Жастар практикасы бағдарламасы бойынша жаңа мамандар тәжірибе жинақтайды, әлеуметтік жұмыс орындары арқылы азаматтар қолдау алады, ал «Күміс жас» жобасы егде жастағы адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
«Өңірлік жұмыспен қамту картасы» өңірдің экономикалық стратегиясының маңызды құралы болып табылады. Ол азаматтарды еңбекке тарту, кәсіпорындарды қолдау, өндіріс көлемін арттыру және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жүйелі түрде жүзеге асырылады. Бағдарлама жұмыспен қамтудың әр бағытын нақты индикаторлар арқылы бақылайды: субсидияланатын жұмыс орындарына қатысу, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары және грант алу сияқты.
Осы шаралар арқылы Түркістан облысы еңбек нарығын әртараптандырып, жұмыссыздықты төмендетіп, азаматтардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік жасайды. Жоспарланған жұмыстар – экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылыққа бағытталған жүйелі саясаттың нақты көрінісі болып табылады. Сонымен қатар, бұл механизм өңірдегі еңбек мәдениетін нығайтып, «Еңбек адамы» бейнесін танымал етуге қосымша үлес қосады.
