Жаз – балалық шақтың ең жарқын әрі есте қалар мезгілі ғана емес, сонымен қатар жаңа білім мен дағдыға жол ашатын кезең. Бұл уақытты тек тынығуға ғана емес, тұлғалық және кәсіби дамуға да арнау – бүгінгі білім жүйесінің басты ұстанымдарының бірі. Осы мақсатта Шымкент қаласында оқушыларға арналған ауқымды жазғы кәсіптік бағдарлау жобалары іске қосылды.
26 мамыр мен 27 маусым аралығында 9–10-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылған «EduCampShym» жобасы өз жұмысын бастады. Бұл – қаладағы 9 жоғары оқу орнының базасында жүзеге асып жатқан, білім мен кәсіпке бағыт беруді көздейтін ерекше жоба. Ал 7–8-сынып оқушылары үшін «PROF START» бағдарламасы қолға алынып, оған 33 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы қатысуда. Аталған жобалар балалардың жазғы уақытын пайдалы өткізіп қана қоймай, олардың болашақ мамандығын таңдауға да септігін тигізеді.
– Жазғы лагерьлердің әр күні нақты бір бағытқа арналып, балалардың қызығушылығын оятатын танымдық әрі тәжірибелік сабақтармен толықтырылған. Мақсатымыз – баланың демалысын бос өткізбеу. Олар бір мезетте білім алып, нақты мамандықтармен танысып, болашаққа бағыт алады, – дейді Шымкент қаласы Білім басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Бағлан Үмбетбаев.
Оқу лагерьлерінің басты мақсаты – баланың жазғы уақытын тиімді ұйымдастыру ғана емес, оны еңбекке баулу және кәсіби әлеуетін дамыту. Әр жоғары оқу орнында үш ауысымдық жүйеде 10 күндік бағдарлама құрылып, оқушылар нақты мамандықтармен танысу, зертханалық жұмыстар жүргізу, мамандармен сұхбаттасу, жобалар әзірлеу секілді көптеген тәжірибелік сабақтарға қатысып жатыр.
Бүгін біз Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне арнайы барып, «EduCampShym» оқу лагері аясында өтіп жатқан шаралармен танысып қайттық. Ұстаз болуды армандайтын жастар үшін бұл – болашақ мамандығымен жақынырақ танысуға үлкен мүмкіндік болды. Университет ұжымы оқушыларды жылы қабылдаған.
Кезекті күннің бағдарламасы филология факультетін таныстыруға арналыпты. Қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, аударма ісі және шетел тілдері кафедраларының студенттері мен оқытушылары мамандықтардың қыр-сырын кеңінен баяндады. Үш тілде ұйымдастырылған дебаттар мен көңілді ойындар оқушылардың қызығушылығын арттырып, ерекше әсер қалдырды.
– Мен университет базасында өтетін сабақтарға қатысып жүрмін. Бізге болашақ мамандықтар туралы кеңінен мәлімет беріліп, түрлі шеберлік сабақтар ұйымдастырылды. Мен дәрігер мамандығын таңдаған болатынмын. Дегенмен педагогика саласы да қызықты екен. Алда жопарым өзгерсе, биология пәнінің мұғалімі болатын шығармын. Бұл жоба – біз үшін үлкен мүмкіндік болды, – дейді «EduCampShym» жобасына қатысып жүрген №15 Д.И.Менделеев атындағы мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Салтанат Шамшидин.
Осылайша, Шымкент жастары үшін жаз – тек демалыс уақыты ғана емес, болашаққа дайындық кезеңі екенін дәлелдегендей. Баланың әрбір қызығушылығы мен қабілетін танып, оны дұрыс бағытқа бұра білу – бүгінгі білім берудің басты мұраты. Ал бұл жобалар – сол мақсатқа бастар сенімді көпір.