Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кезекті брифинг өткізіп, білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларды таныстырды. Баспасөз мәслихатында негізгі назар 2024–2025 оқу жылының аяқталуына және балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға ауды.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, Шымкент қаласының білім беру жүйесі – еліміздің ең ірі мегаполисінің стратегиялық маңызды салаларының бірі. Қазіргі таңда қаладағы білім ұйымдары оқу жылын сапалы аяқтап, жазғы кезеңде балалардың бос уақытын мазмұнды өткізуге бағытталған ауқымды шараларды қолға алып отыр.
Жалпы, қала бойынша жалпы 290 мектепте 271 316 оқушы білім алуда. Оның ішінде мемлекеттік 162 мектепте – 206 395, жекеменшік 128 мектепте – 64 921 оқушы бар. Биыл 9-сыныпты 24 264 оқушы аяқтаса (мемлекеттік – 20 361, жекеменшік – 3 903), олардың 1 423-і үздік аттестатқа үміткер. Ал 11-сыныпты 15 891 түлек бітірмек (мемлекеттік – 11 638, жекеменшік – 4 253). Бұл сынып оқушылары арасында 1 078-і үздік аттестатқа, 670-і «Алтын белгіге» үміткер. 2025 жылғы 23 мамыр – оқу жылының соңғы күні ретінде белгіленіп отыр. Бұл күні барлық сыныптарда «Білімім – Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Сәрсен Құранбектің айтуынша, бұл шара – оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру мен патриоттық тәрбиені күшейтуге бағытталған. Сабақ аясында «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтары дәріптеліп, «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тақырыптарында эссе байқауы ұйымдастырылады.
Қорытынды аттестаттау мерзімі де белгіленген. – 9-сынып оқушылары үшін: 29 мамыр – 10 маусым,
– 11-сынып оқушылары үшін: 30 мамыр – 16 маусым аралығында өтеді.
Биылғы оқу жылының маңызды жаңалығының бірі – аттестат тапсыру рәсімі барлық мектепте салтанатты әрі ресми түрде өтеді, бірақ бұл шараға қатысты қосымша қаражат жинауға қатаң тыйым салынған.
«Ата-аналардан немесе оқушылардан қаржы жинауға жол берілмейді. Бұл – менің тікелей бақылауымда. Арнайы бұйрық шығып, мектеп директорларына нақты жауапкершілік жүктелді», – деді Сәрсен Құранбек.
Баспасөз мәслихатында әкім орынбасары қосымша білім беру саласына қатысты жаңалықпен бөлісті. Шымкентте ваучерлік жүйе пилоттық режимде іске қосылмақ. Жоба аясында «бір балаға – бір орын» қағидасы қолданылады. Яғни, әр бала қосымша білім ұйымын өз еркімен таңдай алады, ал мемлекет сол қызметті қаржыландырады.
Бұл жүйенің тағы бір артықшылығы – қазіргі өнім берушілердің барлығы бәсекелестік негізде жүйеге қатыса алады.
«Бұл – ата-аналарға таңдау еркіндігі беріп қана қоймай, қызмет көрсету сапасын арттырудың нақты тетігі», – деді Сәрсен Абайұлы.
Сонымен қатар, соңғы кездері әлеуметтік желілерде тараған түрлі алыпқашпа әңгімелерге де шенеунік түсінік берді. Атап айтқанда, кей пікірлерде бюджет қаржысы мақсатсыз жұмсалуда деген мәлімдемелер айтылған.
«Бюджеттің 2 пайызының резервте тұруы – заңмен бекітілген талап. Бұл – күтпеген жағдайлар кезінде жедел әрекет ету үшін қажет қор», – деді Құранбек.
Шымкент қаласы әкімдігі білім беру жүйесін дамыту, оқу процесін сапалы аяқтау және оқушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтар мен жауапкершілікке негізделген шешімдер бұл бағыттағы жұмыстың өзекті әрі маңызды екенін көрсетеді.
“Шымкент келбеті”