Шымкент қаласында дәстүрлі «Шымкент Аруы 2025» байқауына қатысушыларды іріктеу үшін кастинг кезеңі басталды. Бұл байқау — сұлулық пен парасаттылықты ұштастырған, жас аруларға өзін-өзі танытуға мүмкіндік беретін ауқымды мәдени жоба.
Кастинг 10 маусым күні сағат 12:00-де М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бас ғимаратында өтті. Университет байқауды қолдап, іріктеу кезеңінің ресми серіктесі болды. Бұл қолдау жастарды тәрбиелеу мен дамытуға бағытталған ортақ құндылықтарымыздың жарқын көрінісі.
Іріктеу турына Шымкент қаласы мен жақын маңдағы өңірлердің бойжеткендері қатысып, сахналық жүріс, харизма, өзін-өзі ұстау мәдениеті сынды қабілеттерін көрсетті.
Байқаудың басты ұйымдастырушысы – Sulumodels модельдік агенттігі. Агенттік 2015 жылдан бері Шымкентте модельдер даярлау, сән көрсетілімдерін ұйымдастыру және сұлулық байқауларын өткізу саласында кәсіби жұмыс жүргізіп келеді.
Байқаудың басты ұйымдастырушысы Жамал Әбілдаева байқау талаптарына тоқталып, аталған доданың артықшылықтары туралы айтты.
-Байқауға 16–30 жас аралығындағы, бойы 165 см-ден жоғары, сымбатты, белсенді өмір салтын ұстанатын, шығармашылыққа бейім және өзін дамытуға ниетті қыздар қатыса алады. Қатысушылар дефиле, сахналық өнер көрсету, фотосессиялар, видеосъемка, зияткерлік тур сынды бірнеше кезеңдерден өтеді. Сондықтан ақылына көркі сай, сыны мен сымбаты үйлескен нәзікжандыларды кастингке шақырамыз! — деді Ж. Әбілдаева.
«Шымкент Аруы 2024» атағының иегері – Аружан Арыстан. Ол өткен жылы біздің қаламыздың атынан «Мисс Казахстан» республикалық байқауына қатысып, Шымкенттің намысын лайықты қорғады. Бұл – байқаудың қатысушыларға беретін нақты мүмкіндіктерінің жарқын мысалы.
«Шымкент Аруы 2025» байқауының финалдық шоуы 2025 жылдың күзінде өтеді. Жеңімпазға тәж табысталып, оған модельдік, медиа және халықаралық жобаларға қатысуға жол ашылады.