Бүгін Шардара қаласында ауданның 60 жылдық мерейтойы мен Қала күні мерекесіне орай жаңа «Еңбекшілер» саябағының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Саябақтың құрылысы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтың тікелей бастамасы және демеушілердің қолдауымен іске асқан жоба нәтижесінде бой көтерді.
Бұрын қоқыс бейберекет төгілетін бос аумақ бүгінде заманауи талаптарға сай көркейтіліп, тұрғындардың жайлы демалысына арналған әсем қоғамдық кеңістікке айналды.
Ашылу салтанатында аудан әкімі Арман Қарсыбаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, саябақтың құрылысына үлес қосқан азамат Беймен Анықбайды «Шардара ауданына 60 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.
Сондай-ақ, іс-шара барысында ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков пен Қанай Датқа шағын ауданының тұрғыны, Шардара ауданының құрметті азаматы Тоқсанбай Тасыбеков сөз сөйлеп, тұрғындар атынан аудан әкімдігіне және жобаға демеушілік көрсеткен азаматтарға алғыс білдірді.
Жаңа «Еңбекшілер» саябағы №2 шағын ауданда орналасқан, жалпы аумағы 2,7 гектарды құрайды. Мұнда демалуға арналған орындықтар, жаяу жүргіншілер жолдары, жарық шамдар және көгалдандыру элементтері орнатылған.
Саябақтың ашылуы – ауданның 60 жылдық мерейтойына арналған игі істердің бірі және қала тұрғындарына арналған маңызды әлеуметтік нысан болып табылады.