6 Желтоқсан, 2025. 15:53
Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

САРЫАҒАШТА ТҰРҒЫНДАРЫМЕН АШЫҚ ФОРМАТТА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Сарыағаш қаласының тұрғындарымен ашық форматта өткен кездесу «Қауіпсіз қоғам» жобасы аясында ұйымдастырылып, азаматтар мен билік арасындағы ашық диалогты қалыптастыруға бағытталды. Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев қала тұрғындарымен кездесіп, өзекті әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді талқылады.

Жиынға аудандық полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің басшысы Е.Тұяқов, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ.Тұрсынбаев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы А.Үтебаев, «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Оңтүстік ауыз су» филиалының аудандық «Сарыағаш ТСЖ» мекемесінің өкілі, Сарыағаш қаласының әкімі А.Ешанқұл және Абдухалықов көшесінің тұрғындары қатысты.

Ашық форматта өткен кездесудің басты мақсаты – тұрғындардың пікірін тыңдап, олардың көкейінде жүрген мәселелерін шешу. Аудан әкімі Арман Абдуллаев халық алдында сөйлеген сөзінде:
– Мен әрқашан ашықпын, тұрғындардың пікірін тыңдауға әрқашан дайынмын. Біздің басты мақсатымыз – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Айтылған барлық мәселе бақылауға алынып, тиісті шаралар қабылдауды қала әкімдігіне тапсырамын, – деді.

Кездесуде тұрғындар ауыз су жүйелеріне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасы мен аяқталу мерзіміне қатысты сұрақтар қойды. «Қазсушар» мекемесінің өкілі аудан аумағындағы су жүйелерін жаңарту жұмыстарының барысы туралы баяндап, алдағы уақытта сумен қамту сапасын арттыру бойынша нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.

Сонымен қатар, жол мәселелері де талқылаудың өзегіне айналды. Абдухалықов көшесі мен оған іргелес жатқан кейбір көшелердің жол жабындысының тозуы, жарықтандыру мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі тұрғындардың басты сұрақтарының бірі болды. Бұл бағытта аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ.Тұрсынбаев жол инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту жоспары әзірленгенін және келесі жылы бірқатар көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Жиында қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге де ерекше назар аударылды. Аудандық полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің басшысы Е.Тұяқов «Қауіпсіз қоғам» жобасы аясында жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралар туралы баяндады. Ол тұрғындарға құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатының маңызын түсіндіріп, әрбір азамат қоғамның тыныштығы мен тәртібін сақтауға өз үлесін қосуы тиіс екенін атап өтті.

Полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Сондай-ақ, тұрғындармен бірлесіп, аулаішілік бейнебақылау камераларын орнату, кешкі уақытта патрульдік бақылауды күшейту мәселелері талқыланды.

Коммуналдық қызмет көрсету сапасына қатысты да бірқатар шағымдар айтылды. Кейбір тұрғындар электр жарығының жиі өшетінін және қалдықтарды шығару кестесінің сақталмайтынын жеткізді. Бұл мәселелер бойынша аудан әкімі тиісті мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстайтынын айтты.

Аудан басшысы Арман Абдуллаев кездесу соңында тұрғындарға белсенді ұстанымдары мен ашық пікірлері үшін алғысын білдіріп, мұндай кездесулердің тұрақты түрде өткізілетінін айтты.
– «Қауіпсіз қоғам» жобасы – біздің қоғамдағы әрбір азаматтың тыныштығы мен амандығын қамтамасыз етуге бағытталған бастама. Біз халықпен бірге жұмыс істеп, олардың сенімін ақтауымыз қажет. Әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмайды, – деді аудан әкімі.

Кездесу қорытындысы бойынша тұрғындар тарапынан түскен барлық сұрақтар мен ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Аудан басшысы тиісті бөлімдерге және қала әкімдігіне нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын жеке бақылауына алды.

Ашық диалог форматында өткен кездесу тұрғындар үшін өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік беріп, билік өкілдерінің тарапынан нақты шешімдер қабылдауға жол ашты. Мұндай форматтағы кездесулер халық пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы сенімді нығайтып, «Қауіпсіз қоғам» жобасының мақсаттарын іске асыруға өз үлесін қосуда.

Сарыағаш қаласында өткен бұл кездесу азаматтардың белсенділігін арттырумен қатар, қоғамда өзара түсіністік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекет басшысы Американың бизнес өкілдерімен өткен «дөңгелек үстел» отырысында сөз сөйледі

admin

Қауіпсіз қоғам үшін: “Учаске” жедел алдын алу іс-шарасы

admin

ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫН САҚТАУ ҚАУІПСІЗ ӘРІ ТИІМДІ ЖҰМЫС ОРТАСЫНЫҢ КЕПІЛІ

admin

Пікір жазу