Қазақстанда азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және қаржы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында республикалық деңгейде қаржылық диктант өткізіліп жатыр. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің ұйымдастыруымен және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырылуда. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың заң аясында әрекет ету дағдыларын нығайту және көлеңкелі экономикаға қарсы иммунитетті арттыру болып табылады.
Сарыағаш ауданында аталған бастамаға ерекше назар аударылып, аудан әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен кеңейтілген семинар-кеңес өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшылығы, дербес бөлімдердің жетекшілері, аудандық білім беру ұйымдарының директорлары, республикалық мекемелердің өкілдері және басқа да ұйым басшылары қатысты.
Кеңесте қаржылық сауаттылықты арттырудың қоғамдағы маңызы мен оның әлеуметтік тұрақтылыққа әсері талқыланды. Семинар барысында аудан әкімі азаматтардың қаржылық мәдениеті мен заңға бағынушылық деңгейін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір мемлекеттік мекеме мен ұйым тұрғындар арасында қаржылық сауаттылықты көтеруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуі тиіс.
Жиында «AMANAT» партиясының Сарыағаш аудандық филиалының төрағасы Шермат Ибрагимов сөз алып, қаржылық диктанттың қоғам үшін маңызына тоқталды. Ол бұл бастама тек тест түрінде өтетін шара ғана емес, сонымен бірге азаматтардың өз қаржысына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған кешенді жоба екенін атап өтті. Сондай-ақ, қаржылық алаяқтық, жалған инвестициялық ұсыныстар және заңсыз ақша айналымы сияқты заманауи қауіптерге қарсы күресте халықтың білімін арттырудың маңыздылығына назар аударды.
Семинар барысында аудан әкімінің аппаратының басшысы Омархан Ыбрай диктантты өткізу тәртібін және техникалық талаптарын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, қатысушылар 2025 жылғы 10–20 қазан аралығында https://amlacademy.kz/finiq онлайн платформасында тіркеліп, 25 минут ішінде 20 сұраққа жауап береді. Тестілеу барысында қатысушылардың қаржылық операциялар, инвестициялық тәуекелдер, тұтынушылық несие және жеке деректерді қорғау тақырыптары бойынша білім деңгейі бағаланады.
16 және одан көп дұрыс жауап берген қатысушылар жеңімпаз ретінде электронды форматтағы цифрлық диплом алады, ал қалғандарына арнайы сертификаттар табысталады. Сонымен қатар, алғашқы тіркелген және жоғары нәтиже көрсеткен 10 қатысушыға бағалы сыйлықтар қарастырылған. Бұл шараға мемлекеттік қызметкерлерден бастап, оқушылар мен студенттерге дейін қатыса алады, себебі диктант сұрақтары әртүрлі жас және кәсіби санаттағы азаматтарға бейімделіп дайындалған.
Жиын соңында аудан әкімі Арман Абдуллаев жауапты бөлім басшылары мен ұйым жетекшілеріне диктантқа қатысуды ұйымдастыруды және ақпараттық қолдауды күшейтуді тапсырды. Ол өз сөзінде:
– Әрбір тұрғын өзінің қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы заңсыз әрекеттерге жол бермей, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке үлес қосады. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан көлемінде жоғары деңгейде ұйымдастырылуы тиіс, – деді.
Қаржылық диктант – тек білім сынағы ғана емес, азаматтардың экономикалық және құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған кешенді бастама. Мұндай іс-шаралар халықтың қаржы жүйесіне деген сенімін нығайтып, қаржылық алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Қаржылық мониторинг агенттігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы еліміздің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң үстемдігін нығайту бағытындағы маңызды қадам болып саналады.
Бұл бастама «Қауіпсіз қоғам» жобасы аясында жүзеге асып, азаматтардың қаржылық сауаттылық деңгейін жаңа сатыға көтеруді, сондай-ақ құқықтық мәдениет пен әлеуметтік жауапкершілікті арттыруды көздейді.
