Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

САРЫАҒАШ: ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДИКТАНТ ӨТУДЕ

Қазақстан Республикасының Президенті өз Жолдауында қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстану қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Осы тапсырма аясында Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында республикалық қаржылық диктант өткізіліп жатыр.

Бүгін осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру мен түсіндіру мақсатында Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен кеңейтілген семинар-кеңес өтті. Жиынға ауданның білім беру ұйымдарының басшылары, дербес бөлімдер мен республикалық мекемелердің өкілдері, сондай-ақ өзге де ұйымдардың жауапты қызметкерлері қатысты.

Кеңес барысында аталған іс-шараның маңызы мен тиімділігі туралы «Amanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы Шермат Ибрагимов баяндама жасап, қоғамда қаржылық мәдениетті дамыту — елдің экономикалық тұрақтылығы мен азаматтардың әл-ауқатына әсер ететін маңызды фактор екенін атап өтті.

Іс-шараның техникалық ұйымдастыру мәселелері бойынша аудан әкімінің аппараты басшысы Омархан Ыбрай сөз алып, диктантқа қатысу тәртібі мен онлайн-платформа жұмысы жөнінде толық ақпарат берді.

– Жауапты мекемелерге осы іс-шараны жоғары деңгейде өткізіп, тұрғындардың қатысу белсенділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдау қажет, – деді жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Абдуллаев. Ол сондай-ақ барлық ұйымдар мен білім беру мекемелерін 15 қазанға дейін диктантқа белсенді қатысуға шақырды.

Айта кетсек, республикалық қаржылық диктант 2025 жылғы 10–20 қазан аралығында https://amlacademy.kz/finiq онлайн платформасында өтеді. Қатысушылар сайтқа тіркеліп, 25 минут ішінде 20 сұраққа жауап береді. 16 және одан көп дұрыс жауап берген азаматтар цифрлық диплом, ал қалған қатысушылар сертификат алады. Сонымен қатар, алғашқы тіркелген және жоғары нәтиже көрсеткен 10 қатысушыға бағалы сыйлықтар табысталады.

Диктант әртүрлі санаттағы қатысушыларға арналған арнайы сұрақтар негізінде, онлайн-тестілеу форматында ұйымдастырылуда.

Бұл бастама – еліміздің қаржылық қауіпсіздігі мен құқықтық мәдениетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Әрбір азамат өз қаржылық сауаттылығын арттыра отырып, тек өзінің ғана емес, тұтас қоғамның экономикалық тұрақтылығына және ұлттық қауіпсіздікке үлес қосатыны атап өтілді.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте Жеңіс күніне орай гала-концерт өтті

admin

«ЕҢБЕК АЛЛЕЯСЫ» – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ, ЕҢБЕККЕ ТАҒЗЫМ

admin

КЕЛЕС: ШЕКАРА ҚАУІПСІЗДІГІН НЫҒАЙТУ БОЙЫНША ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІ ӨТТІ

admin

Пікір жазу