Бүгін Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Алдияр Қозыбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырыстың жұмысына комиссия мүшелері, аудандық білім беру ұйымдарының директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, сондай-ақ қаралатын істерге қатысы бар ата-аналар қатысты.
Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыру және отбасылық тәрбиенің маңызын күшейту мәселелері қаралды.
Жиын барысында аудандық полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі инспекторлары тарапынан жасалған баяндамалар тыңдалып, жасөспірімдер арасында орын алып отырған құқық бұзушылықтардың себептері мен оларға әсер ететін әлеуметтік факторлар жан-жақты талданды.
Комиссия мүшелері мен қатысушылар тарапынан тәжірибелік ұсыныстар айтылып, алдын алу шараларын күшейту, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, мектеп пен полиция арасындағы өзара әрекеттестікті жүйелеу жөнінде бірқатар пікірлер ортаға салынды.
Сонымен қатар, отырыс барысында ата-аналар мен оқушыларға бағытталған тәрбиелік және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, интернет қауіпсіздігі, ерте жүктілік, буллинг және киберқылмыс сияқты өзекті мәселелердің алдын алу бағытындағы түсіндірулер берілді.
Кездесуді қорытындылаған комиссия төрағасы Алдияр Қозыбаев құқық бұзушылықтардың алдын алу және бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қараудың маңыздылығына тоқталды. Ол тиісті мекеме басшыларына жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылықтың алдын алу бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
– Әрбір ата-ана баласының тәрбиесіне бейжай қарамауы керек. Бала – қоғам айнасы, сондықтан отбасындағы жылылық пен мектептегі тәрбие үйлесім тапқанда ғана нәтижеге қол жеткіземіз, – деді Алдияр Қозыбаев.
Комиссия шешімімен бірқатар алдын алу шаралары бекітіліп, келесі отырыста олардың орындалу барысы қаралатын болды.