Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

Сайрам ауданында заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілеріне қарсы рейдтік шаралар өткізілді

Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдалануға қарсы кешенді жұмыстар жалғасуда. Осы бағытта Сайрам ауданы әкімдігінің заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерін анықтау және зерттеу жөніндегі жұмысшы тобы, Түркістан облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері және Сайрам ауданы полиция басқармасының қызметкерлері бірлесіп, жоспарлы рейдтік шаралар жүргізді. Іс-шаралер облыс әкімдігі бекіткен «Аудандарда жер қойнауын заңсыз пайдаланушылармен күресу бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру» алгоритмі аясында іске асырылды.

2025 жылдың 11-12 қазан күндері Манкент, Ақбұлақ, Қарамұрт және Қарасу ауылдық округтерінің аумағында заңсыз жер қазу және ауыр жүк көліктерімен нормадан артық жүк тасу деректерін анықтауға бағытталған рейд өтті. Тексеру барысында облыстық маңызы бар жол бойында жүрген ауыр жүк көліктерінен (1 Howo және 2 КамАЗ) белгіленген мөлшерден артық инертті материал тасу фактілері тіркелді. Бұл әрекеттер жер қойнауын заңсыз пайдалану және жол қозғалысы ережелерін бұзу талаптарына қайшы келетіндіктен, құқықтық шаралар қабылданды.

Анықталған көліктер тиісті шешім шыққанға дейін айыптұраққа қойылып, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, рейд барысында жүргізушілерге және көлік иелеріне тиісті заң нормалары түсіндірілді. Заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерінің жол-көлік қауіпсіздігіне, экологияға және инфрақұрылымға тигізетін зияны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сайрам ауданы аумағында заңсыз құм-қиыршық тас өндіру және тасымалдау әрекеттері қоғам мен табиғатқа айтарлықтай қауіп төндіретіні белгілі. Мұндай заңбұзушылықтар табиғи ресурстардың сарқылуына, жер бетінің бүлінуіне, жолдың тез тозуына және экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына әкелуі мүмкін. Сол себепті аудан әкімдігі мен құқық қорғау органдары бұл бағыттағы бақылауды күшейтіп, тұрақты түрде рейдтік шаралар ұйымдастыруда.

Қазіргі таңда аталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Тиісті органдар тарапынан аудандағы карьерлер, ауыр жүк көліктерінің қозғалысы және инертті материалдардың заңсыз айналымына бақылау күшейтілді. Алдағы уақытта да заң талаптарын бұзған тұлғаларға қатаң шаралар қолданылып, құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою жұмыстары жалғасады.

Аудан әкімдігі кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға және рұқсатсыз жер қазу әрекеттеріне жол бермеуге шақырады. Тұрғындардан да жер қойнауына қатысты күмәнді фактілер байқалған жағдайда тиісті органдарға хабар беру ұсынылады.

Ел Президенті атап өткен заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында жүзеге асырылып отырған бұл шаралар аймақтың тұрақты дамуына және экологиялық қауіпсіздігіне оң әсер етпек.

Ұқсас жаңалықтар

«КЕЛЕШЕК» БІРЫҢҒАЙ ЕРІКТІ ЖИНАҚТАУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

admin

Түркістан облысында заң үстемдігін және әділетті қоғамды қамтамасыз ету жолындағы жаңа қадамдар

admin

Түркістан облысында энергия тапшылығын жою мақсатында ірі электр станциялары салынуда.

admin

Пікір жазу