Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
ЖаңалықтарҚоғамСаясат

ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ РЕФЕРЕНДУМ БОЙЫНША ЭКЗИТ-ПОЛЛ НӘТИЖЕЛЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

2026 жылғы 16 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген экзит-полл қорытындыларымен танысты. «Қазмедиа орталығының» студиясында экзит-полл нәтижелері таныстырылғаннан кейін Президент арнайы мәлімдеме жасап, бұл күннің Қазақстан тарихындағы ерекше маңызын атап өтті.

Президенттің айтуынша, бүгінгі күн ел тарихында мәңгі сақталатын тарихи сәттердің бірі болды. Қазақстан азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысып, ел болашағына қатысты маңызды таңдау жасаған.

Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап, өз таңдауларын жасады. Қазір ғана экзит-полл нәтижелері жарияланды. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады деп айтуға толық негіз бар. Мен халқымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгін жұртымыз дауыс беру арқылы Қазақстанның тарихы мен тағдырын айқындады. Бұл шешім ел тарихында мәңгі сақталады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, дауыс беру процесі ашық әрі әділ өтті, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар толық сақталды. Бұл жайтты еліміздің және халықаралық деңгейдегі байқаушылар да растаған.

Президенттің пікірінше, азаматтардың белсенділігі Қазақстан қоғамындағы бірлік пен ынтымақтың, патриотизм мен ел тағдырына деген жауапкершіліктің жарқын көрінісі болды.

Азаматтар жасаған таңдаудың түпкілікті қорытындысын заңға сәйкес Орталық референдум комиссиясы ресми түрде жариялайды. Дегенмен бүгіннің өзінде Қазақстан халқы бірлік пен ынтымақтың, патриотизмнің және ел тағдырына ортақ жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті деп сеніммен айтуға болады. Азаматтарымыздың басым бөлігі Өркендеу, Әділет, Заң мен Тәртіп, Табиғатты аялау және Тазалық жолын таңдады. Бұл – еліміздің дамуындағы дұрыс әрі маңызды бағыт, – деді Президент.

Мемлекет басшысы референдум барысында дауыс берушілер саны бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелгенін де атап өтті. Оның айтуынша, бұл қазақстандықтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, мемлекет болашағына бейжай қарамайтынын айқын көрсетті.

Учаскелерге келіп, өз азаматтық ұстанымын білдірген барша азаматқа алғыс айтамын. Осы арқылы біз бүкіл әлемге қазақ қоғамының саяси мәдениеті жоғары екенін көрсеттік. «Бірлік бар жерде – тірлік бар». Бірлік бар жерде – өркендеу бар. Елдің қуаты – бірлікте. Бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен еңбекқорлық пен сенімділік қажет. Сонда ғана озық, дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекет бола аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, халықтың қолдауымен қабылданған жаңа Конституция еліміздің дамуына тың серпін беретін негізгі құжат болмақ.

Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен егемендіктің берік тірегі. Ата заңымыз адам құқығы мен бостандығының мызғымас кепілі болып қала береді. Біз заң үстемдігі орнаған, жауапты әрі жасампаз азаматтары бар Әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық. Осылайша ұлт тарихының жаңа парағын аштық, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент референдум барысында жастардың ерекше белсенділік танытқанын атап өтіп, оларға алғыс білдірді. Оның айтуынша, жастардың азаматтық ұстанымы мен қоғамдық белсенділігі ел дамуының маңызды қозғаушы күшіне айналып келеді.

Осы референдум кезінде жастар белсенді түрде дауыс беруге қатысты. Жастарымыздың дауысы анық естілді. Олардың ел болашағына бейжай қарамайтыны қуантады. Баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын. Қазақ елінің қасиетті Тәуелсіздігі мәңгі болсын! Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін! Жаңа Конституциямыз құтты болсын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұқсас жаңалықтар

САРЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН АШЫҚ ФОРМАТТА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

admin

Құқық қорғау органдары мен қоғам ынтымақтастығы арқылы нөлдік төзімділікті жүзеге асыру

admin

САЙЛАУҒА АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІКПЕН!

admin

Пікір жазу