Ордабасы ауданында кәсіпкерлікті дамыту, жаңа инвестицияларды тарту және жұмыс орындарын ашу мақсатында маңызды іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның айқын дәлелі ретінде Бадам елді мекенінде орналасқан «Kazkioti» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғимаратында аудан кәсіпкерлерінің ІІІ форумы өтті. Бұл форум – кәсіпкерлікті қолдау, бизнесті дамытудың жаңа тетіктерін таныстыру және жергілікті экономиканың әлеуетін арттыру бағытындағы маңызды диалог алаңы болды.
Іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, облыстық және өңірлік қаржы институттарының өкілдері, кәсіпкерлер, жастар ұйымдарының жетекшілері мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Форум шеңберінде аудан кәсіпкерлерінің өнімдері қойылған көрме ұйымдастырылып, өңірдің өндірістік және инновациялық әлеуеті жан-жақты таныстырылды.
Кездесу барысында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен қаржылай қолдау тетіктері түсіндірілді. Кәсіпкерлер өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, бизнес жүргізудегі түйткілді мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады.
Аудан әкімі Азат Оралбаев өз сөзінде кәсіпкерлік – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзегі екенін атап өтіп, халықтың бизнеске деген белсенділігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
📌 – Бүгінгі форумның басты мақсаты – тұрғындардың кәсіп ашуға деген ынтасын ояту, өз кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлерді қолдау және жаңа жобаларды жүзеге асыруға серпін беру. Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Кәсіпкерлік – ел экономикасының қозғаушы күші. Мемлекет бизнестің дамуы үшін бар жағдайды жасауға тиіс» деп атап өтті. Осы міндетті орындау – әр деңгейдегі билік өкілдерінің ортақ жауапкершілігі. Сондықтан біз ауданымызда кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмыстарды одан әрі жандандырып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бар күшімізді саламыз, – деді аудан басшысы.
Форум барысында кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы жан-жақты ақпарат берілді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Түркістан облыстық филиалының бөлім басшысы Данияр Аяпов кәсіпкерлер үшін несиелеу мен гранттық қолдау тетіктері жөнінде баяндап, қолжетімді қаржыландыру бағыттарын түсіндірді. Сонымен қатар, «Ырыс» шағын несие ұйымының директоры Мұхит Мынбаев пен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бақдәулет Еркеқұл, корпорация басшысының орынбасары Нұрлыбек Исаев бизнесті дамытудың тиімді жолдарын ұсынды.
Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған осы ауқымды форум аясында 2026 жылы іске асырылуы жоспарланған жаңа инвестициялық жобалар таныстырылды. Аудан әкімдігі мен жеке компаниялар арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, кәсіпкерлік саласының жаңа даму кезеңі басталды.
Атап айтқанда, келесі инвестициялық жобалар іске қосылмақ:
🔹 «Alem Euro PIR» ЖШС – сэндвич-панель және PIR (полиизоцианурат көбік) өндірісін іске қосу жобасы. Жобаның жалпы құны – 4,5 млрд теңге, жүзеге асқан жағдайда ондаған жаңа жұмыс орны ашылады.
🔹 «Grand Pro» ЖШС – жиһаз өндірісін құру жобасы. Құны 1,8 млрд теңге болатын жоба тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандарды сапалы жиһазбен қамтамасыз етуге бағытталған.
🔹 «PETRANA OIL GROUP» ЖШС – жол бойындағы сервистік қызмет көрсету кешенін дамыту жобасы. Құны 1 млрд теңге болатын бұл жоба аймақтың логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Форумнан кейін қатысушылар «Kazkioti» ЖШС өндіріс орнының жұмысымен танысып, зауыттағы заманауи технологиялардың қолданылуын өз көздерімен көрді. Компанияның өндіріс алаңында жұмысшылар үшін қолайлы жағдай жасалып, өнім сапасын халықаралық стандарттарға сай ету бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.
Бұл форум Ордабасы ауданында кәсіпкерлік белсенділіктің артуына, жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуына және әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына нақты серпін бермек.
Кәсіпкерлік – аймақтың экономикалық дамуының негізгі тірегі. Соңғы жылдары Ордабасы ауданында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып келеді. 2025 жылдың басындағы дерек бойынша ауданда 7 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету және өндіріс салаларындағы кәсіпорындардың үлесі жоғары. Бұл көрсеткіш аудан экономикасының әртараптандырылып келе жатқанын және халықтың кәсіпкерлікке деген қызығушылығының артқанын айғақтайды.
Аудан әкімдігі тарапынан кәсіпкерлерге жер телімдерін бөлу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, инженерлік желілер тарту, сондай-ақ мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелер алу бойынша жан-жақты көмек көрсетіліп келеді. Бұл қолдау шараларының барлығы Президент Жолдауында айқындалған «Күшті аймақ – қуатты ел» қағидатын іске асыруға бағытталған.
Бүгінгі таңда Ордабасы ауданы облыс көлемінде кәсіпкерлікті дамыту қарқыны бойынша алдыңғы қатарда тұр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірге тартылған инвестиция көлемі 30 млрд теңгеден асты. Ал 2025 жылы бұл көрсеткішті екі есеге арттыру көзделіп отыр. Жаңа өндіріс орындары мен сервистік қызмет көрсету орталықтарының ашылуы нәтижесінде жүздеген жаңа жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындардың табысы өседі деп күтілуде.
Форум барысында сөз алған кәсіпкерлер мен жас бизнес иелері өз ұсыныстарын ортаға салып, мемлекеттік қолдау шаралары үшін ризашылықтарын білдірді. Олар бизнесті дамытуда жергілікті билік пен қаржы институттарының өзара ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі форум – Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында жаңа белес. Мұнда тек кәсіпкерлік мәселелері ғана емес, қоғамның жалпы әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар да талқыланды. Жергілікті билік пен кәсіпкерлердің өзара серіктестігі нәтижесінде аудан экономикасы жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған нақты жобалар жүзеге асып келеді.
Ордабасы – тек тарихи мұраларымен ғана емес, кәсіпкерлік әлеуетімен де танылатын аймақ. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа серпінмен өрлей түсетіні сөзсіз.
Форум соңында аудан әкімі Азат Оралбаев барлық қатысушыларға белсенділік танытқаны үшін алғыс білдіріп, әрбір кәсіпкердің жетістігі – ауданның дамуы мен ел экономикасының өркендеуіне қосылған үлес екенін атап өтті.
Ордабасы – еңбек пен кәсіптің мекені. Бұл форум – аудан экономикасын нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және тұрақты даму бағытындағы ортақ ынтымақтастықтың нақты дәлелі.
