Ордабасы ауданында қаржылық сауаттылықты арттыру және қоғамда экономикалық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған республикалық диктанттың өткізілу барысы талқыланды. Бұл орайда аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияздың төрағалығымен жұмыс кеңесі ұйымдастырылып, оған аудан әкімі аппаратының басшысы, дербес бөлім басшылары, ауылдық округтер мен кент әкімдері қатысты.
Жиын барысында қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызы, азаматтардың цифрлық кеңістікте өз қаражатын қорғау қажеттілігі, сондай-ақ жалпыхалықтық диктанттың аудан аумағында сапалы ұйымдастырылуы туралы мәселелер жан-жақты қаралды. Басты мақсат — тұрғындардың қаржы саласындағы білімін жетілдіру, түрлі қаржылық алаяқтықтың алдын алу, халықтың цифрлық қаржы құралдарын сауатты пайдалануына ықпал ету және құқықтық мәдениетті арттыру.
Аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз өз сөзінде:
– Қазіргі кезеңде цифрлық технологиялардың кеңінен дамуы қаржылық қатынастардың жаңа формаларын қалыптастырды. Осыған орай әр азаматтың қаржылық сауаттылығы маңызды рөл атқарады. Қаржылық тәртіп пен қауіпсіздік – қоғам тұрақтылығының негізгі факторларының бірі. Сондықтан аудан тұрғындарының белсенді қатысуын қамтамасыз етіп, жоспарды сапалы орындау қажет, – деп атап өтті.
Жиында жауапты бөлімдер мен ауыл әкімдеріне ақпараттық-насихат жұмыстарын күшейту, тұрғындарды онлайн және офлайн форматта диктантқа қатысуға жұмылдыру, сондай-ақ ұйымдастыру шараларын жүйелі жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Кеңес барысында ауылдық округтерде ақпараттық топтар құру, оқу орындарында арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізу, әлеуметтік желілерде хабарламаларды белсенді жариялау бойынша нақты жоспар ұсынылды.
Аудан бойынша жалпы қамтылуы тиіс адам саны — 61 383. Қазіргі таңда білім беру саласының қызметкерлері, студенттер, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының мүшелері, мемлекеттік қызметкерлер, зейнеткерлер және басқа да тұрғындар диктантқа белсенді түрде қатысуда. Тұрғындар тарапынан онлайн тіркелу бойынша сұрақтарға жедел жауап беріліп, қажетті техникалық қолдау көрсетілуде.
Сонымен бірге жиналыста қаржылық қауіпсіздік аясындағы өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, соңғы жылдары халықты алдау мақсатында жасалатын цифрлық қылмыстардың саны артқанына назар аударылды. Интернет арқылы жасалатын қаржы алаяқтығының алдын алу, күмәнді сілтемелер мен жеке ақпаратты қорғау қажеттігіне баса мән берілді. Осыған орай тұрғындарға қаржылық операциялар кезінде сақтық шараларын сақтау, банктік деректерді жарияламау, күмәнді ұсыныстардан бас тарту бойынша кеңес беру жұмыстары жүргізілуде.
Жиында аудандық ішкі саясат бөлімі, білім беру ұйымдары және басқа да мекемелер тарапынан ақпараттық-насихаттық жұмыстарды күшейту, халыққа арналған түсіндіру семинарларын, тренингтер мен кездесулер өткізу ұсынылды. Сонымен қатар ауыл әкімдеріне жергілікті қауымдастықтармен өзара әрекеттестікті күшейту, ардагерлер кеңесі, жастар ресурстық орталығы және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп ақпараттық жұмыстар жүргізу тапсырылды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз:
– Экономикалық қауіпсіздік — елдің тұрақты дамуының негізі. Қаржылық сауаттылықты қалыптастыру — қоғамның әр мүшесінің болашағына жасалған маңызды қадам. Сондықтан аталмыш бастаманы жоғары деңгейде жүзеге асырып, жоспарды толық орындауымыз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатын болады, – деп атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Ордабасы ауданы алдағы уақытта да қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, цифрлық қауіпсіздік деңгейін күшейту және тұрғындарды ақпараттандыру бойынша кешенді шараларды жалғастырады. Республикалық диктант — тек білім сынағы ғана емес, қоғамның экономикалық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама екенін атаған аудан басшылығы тұрғындарды белсенділік танытып, шараға қатысуға шақырды.
