6 Желтоқсан, 2025. 15:06
Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ӘДЕП КОДЕКСІН САҚТАУ МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыс әкімдігі мен оған қарасты құрылымдарда Әдеп кодексі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мәселесіне арналған жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен аудан, қала әкімдері, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау деңгейі, қызметтік тәртіп пен ішкі еңбек мәдениетінің жағдайы, мемлекеттік органдардағы этикалық ахуал және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері қаралды. Әдеп кодексін сақтау – мемлекеттік аппараттың беделін арттырып, халықтың билікке деген сенімін қалыптастыратын маңызды бағыттардың бірі екені айтылды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде мемлекеттік қызметкердің әдебі мен мінез-құлқы әрбір азаматтың билікке деген көзқарасын айқындайтынын атап өтті. «Мемлекеттік қызметші – халық пен биліктің арасындағы басты дәнекер. Оның жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, іс-әрекеті барлығы да қоғам алдында мемлекеттің бейнесін қалыптастырады. Сондықтан әрбір қызметкер өз әрекетіне жауапкершілікпен қарап, этика талаптарын қатаң сақтауы тиіс» – деді аймақ басшысы.

Жиын барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Абылайхан Наурызбаев облыс аумағындағы мемлекеттік органдарда жүргізілген талдау нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, соңғы уақытта әдеп нормаларын бұзу фактілері азайғанымен, кейбір мекемелерде қызметтік тәртіптің әлсіреуі мен этикалық мәдениеттің төмендеуі байқалады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтің имиджіне кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты департамент тарапынан профилактикалық шараларды күшейту, түсіндіру кездесулерін жиі өткізу және мемлекеттік қызметшілердің этикалық мінез-құлқын бағалау тетігін жетілдіру бойынша ұсыныстар берілді.

Сонымен қатар, жиында жұмыс орнындағы психологиялық ахуалды жақсарту, ұжым ішіндегі сыйластық қарым-қатынасты сақтау, қызметтік әдепті бұзуға жол бермеу мәселелері кеңінен талқыланды. Қызметкерлердің әлеуметтік желілердегі белсенділігі мен жария жазбаларының этикаға сәйкестігі де қозғалды. Мемлекеттік қызметші өзінің жеке парақшасында жариялайтын мәліметтері арқылы да қоғамға үлгі болуы керектігі баса айтылды.

Облыс әкімі аппаратында және аудандық әкімдіктерде құрылған әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысы да сөз болды. Олардың негізгі міндеті – қызметкерлерге кеңес беру, түсіндіру және әдеп бұзушылықтың алдын алу екенін еске салды. Әдеп жөніндегі уәкілдердің белсенділігін арттыру, олардың қызметін тиімді ұйымдастыру үшін қосымша шаралар қабылданатын болды.

Жиында мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруға, тәртіптік теріс қылықтардың алдын алуға және мемлекеттік органдардың ішкі мәдениетін нығайтуға бағытталған нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, барлық басқармалар мен аудан әкімдіктері қызметтік тәртіпті сақтау бойынша ішкі бақылау жүйесін күшейтіп, ұжымдарда әдеп кодексінің талаптарын түсіндіру бойынша тұрақты кездесулер өткізуді жалғастыруы қажет.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің жұмысқа деген ынтасын арттыру, еңбек тәртібін сақтау, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілікті ұстану бойынша нақты көрсеткіштер енгізу тапсырылды. Әрбір басшы өз қарамағындағы қызметкерлердің тәртібі мен мінез-құлқына жеке жауап беретінін аймақ басшысы ерекше атап өтті.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мемлекеттік қызмет саласында әдеп нормаларын сақтау – тек формалды талап емес, елге адал қызмет етудің мәдениеті екенін атап өтті. «Халықпен қарым-қатынаста ашықтық пен сыпайылық танытқан әрбір қызметкердің еңбегі – мемлекеттік басқарудың сапасын арттырады. Әріптестер, біз халықтың сенімін сақтау үшін алдымен өзіміз үлгі болуымыз керек. Бұл – баршамызға ортақ міндет», – деді әкім.

Жауапты тұлғаларға мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін сақтауын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүйелі түрде бақылауда ұстау, тәртіп бұзушылық фактілері бойынша дер кезінде шешім қабылдау және профилактикалық жұмыстарды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ облыстық басқармалар мен аудан әкімдері өз мекемелерінде қызметтік этика талаптарын сақтау бағытындағы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін іс-шаралар жоспарын жаңартуға міндеттелді.

Жиын соңында облыс әкімі мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары – адалдық, ашықтық және кәсібилік екенін атап өтіп, барлық деңгейдегі басшыларды ұжымдарында осы құндылықтарды нығайтуға шақырды. Әдеп нормаларын сақтау – мемлекеттік аппараттың тұрақты дамуы мен қоғамның сенімін арттырудың маңызды тетігі екені баса айтылды.

Ұқсас жаңалықтар

*2025 жылғы көктемгі егіске 6 100-ден астам ауыл шаруашылығы өндірушісі жеңілдетілген қаржыландыру алды

admin

Қоғамдық сенімді нығайту және құқық тәртібі

admin

ЛЕНГІР ҚАЛАСЫНДА ЗАҢСЫЗ ЖАРНАМАЛАР МЕН ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНА ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗІЛДІ

admin

Пікір жазу