6 Желтоқсан, 2025. 13:38
Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

ЛЕНГІР ҚАЛАСЫНДА ЗАҢСЫЗ ЖАРНАМАЛАР МЕН ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНА ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗІЛДІ

Төлеби ауданында қала келбетіне ерекше көңіл бөлініп, қоғамдық тәртіп пен сәулеттік талаптарды сақтау бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Осы мақсатта аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов Ленгір қаласының орталық және шеткері көшелерін жаяу аралап, ондағы ретсіз ілінген заңсыз жарнамалар мен қызыл сызық бойында орналасқан нысандарды тексерді. Аралау барысында аудан басшысы қала аумағында рұқсатсыз қойылған жарнама тақтайшалары, көше бойына бей-берекет ілінген хабарландыру қағаздары, сондай-ақ сәулет нормаларына сәйкес келмейтін сауда орындары мен заңсыз салынып жатқан құрылыс нысандарын анықтады.

Қаланың көркін бұзып, тұрғындарға қолайсыздық тудыратын мұндай кемшіліктерге қатысты аудан әкімі жауапты бөлім басшыларына, мобильдік топтарға және полиция қызметкерлеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе жарнама мәдениетін қалыптастыру және бейберекет ілінген баннерлер мен хабарландыруларды жою бағытында жедел шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар қызыл сызық бойында өз бетінше құрылыс жүргізген кәсіпкерлер мен азаматтарға қатысты заң талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылданатын болды. Тексеру барысында санитарлық талаптардың сақталуы, сауда орындарының сыртқы тазалығы мен қалалық тәртіп нормалары да назардан тыс қалмады. Аралау кезінде анықталған кейбір нысандар бойынша ескерту беріліп, оларды ретке келтірудің нақты мерзімдері белгіленді.

Еркеғали Амантайұлы өз сөзінде кез келген қала – сол өңірдің айнасы екенін, халықтың жайлы өмір сүруі үшін ең алдымен таза, абаттандырылған және сәнді орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Ленгір қаласын дамыту – бір ғана әкімдік немесе мемлекеттік органның емес, барша тұрғындар мен кәсіпкерлердің ортақ міндеті. Қаладағы құрылыс талаптарының сақталуы, жарнама ілу мәдениеті, көше тазалығы және көгалдандыру жұмыстары әрбір азаматтың жауапкершілігімен тығыз байланысты. Аудан басшысы заңды белден басып, өз бетімен ғимарат тұрғызу немесе рұқсатсыз жарнама орналастыру – қоғам мәдениетіне сын екенін жеткізді. Сондықтан бұл бағыттағы бақылау жұмыстары алдағы уақытта да күшейтіліп, жүйелі түрде жалғасады.

«Ленгір – біздің көз қуанышымыз, тұрғындар мен қонақтарды қарсы алатын басты орталығымыз. Қалаға жан бітіріп, әрлендіру – ортақ парызымыз. Тәртіп пен тазалық сақталғанда ғана нағыз жайлы мекен қалыптасады», – деді аудан әкімі. Ол сонымен қатар кәсіпкерлерді заң талаптарына бейімделіп жұмыс істеуге, жарнама орналастырудың бірізді форматына көшіп, қаланың көркін ластамауға шақырды. Бұдан бөлек, тұрғындардың да қоғамдық тәртіпке немқұрайлы қарамай, заңсыз құрылыстар мен ретсіз жарнамаларға жол бермеу ісіне үлес қосуы қажет екенін айтты.

Аудан әкімінің бастамасы халық тарапынан қолдау тауып, әлеуметтік желілерде де оң пікірлер жазылуда. Қала тұрғындары мұндай жұмыстардың жиі ұйымдастырылғанын, нәтижесінде Ленгірдің келбеті жылдан жылға жақсарып келе жатқанын атап өтуде. Олар ретсіз сауда нүктелері мен заңсыз жарнамалардың азаюы қаланың мәдени деңгейін көтеретінін, сондай-ақ жастарға үлгі болатынын айтуда. Сауалнама барысында азаматтар қала көшелерін абаттандыру, жарықтандыруды күшейту, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды көбейту сияқты ұсыныстарын да жеткізді. Тұрғындар тарапындағы мұндай белсенділік – жергілікті билік пен халықтың бірлесе әрекет етуге деген ынтасын көрсетеді.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, алдағы уақытта Ленгір қаласында құрылыс жүргізу ережелерін түсіндіру бойынша қосымша шаралар өткізіліп, кәсіпкерлермен жеке кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен қатар рұқсатсыз жарнамаға қарсы арнайы топ күшейтіліп, тұрақты рейдтер жүргізіледі. Жұмыс нәтижелері ай сайын қорытындыланып, халыққа ашық баяндалатын болады. Бұл ретте «тазалық күні» акцияларын жүйелі өткізу, жасыл аймақ санын арттыру, көшелерді сәндік жарықтандыру жобалары мен жаңа демалыс аймақтарын салу жұмыстары да жалғасын табады.

Төлеби ауданында соңғы жылдары қоғамдық тәртіпті сақтау, инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Әсіресе қала ішіндегі автожолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, жарықтандыру бағаналарын орнату және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жобалары қарқынды іске асырылуда. Ленгір қаласының дамуы – ауданның әлеуметтік-экономикалық өсімін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Сондықтан әкімдік тарапынан бұл бағыттағы іс-шаралар әрі қарай да жүйелі түрде жүргізіліп, қала көркін жақсарту жұмыстары тұрғындармен бірлесе атқарылатын болады.

Төлеби ауданы басшылығының бастамасымен жүзеге асып жатқан мұндай тексерулер мен алдын алу шаралары тек қана тәртіп орнатуды емес, сонымен бірге кәсіпкерлер мен тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға да бағытталған. Заң талаптарына сай жұмыс істеу, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және қаланы көркейту – дамыған өңірдің белгісі. Сондықтан әр азамат осы ортақ іске үлес қосып, Ленгірдің көрікті әрі жайлы қала ретінде қалыптасуына атсалысуы қажет. Ал жергілікті билік тарапынан тұрғындар ұсыныстары мен пікірлері ескеріліп, қаланың сәулеттік сәбиетін сақтау бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасады.

Осылайша, Ленгір қаласы күннен күнге жаңарып, абаттанып келеді. Қала келбетін жақсарту – уақыт талабы әрі тұрғындардың ортақ мүддесі. Бірлескен күш-жігер нәтижесінде Ленгір ауданның ғана емес, өңірдің ең көрікті және өмір сүруге қолайлы қалаларының қатарына енуге қадам басып отыр.

Ұқсас жаңалықтар

САРЫАҒАШ: ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДИКТАНТ ӨТУДЕ

admin

«Еңбек адамы – қоғамның тірегі, өңірдің өркендеуінің кепілі»

admin

Аида Балаева Орталық Азия министрлерінің кездесуінде креативті өнімдердің бірыңғай маркетплейсін құруды ұсынды

admin

Пікір жазу