6 Желтоқсан, 2025. 10:31
Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

ҚР Парламенті Сенаты №131 Конвенцияны ратификациялады және Қазақстан азаматтарын Қатарда жұмысқа орналастыру келісімін бекітті

2025 жылғы Парламент Сенатының Палата отырысында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары екі маңызды заң жобасын қарады және мақұлдады: «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131) ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары. Бұл шешімдер Қазақстанның еңбек саласында халықаралық тәжірибеге сай реформаларды жүзеге асырудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Еңбек жағдайлары, еңбекті және әлеуметтік қорғаудың, әлеуметтік диалогтың негізгі мәселелерін қамтитын Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 28 конвенциясының ішінде №131 конвенциясы Қазақстан үшін ерекше маңызға ие болып отыр. №131 Конвенция ең төменгі жалақыны енгізу және реттеу бойынша жалпы қағидаттарды белгілейді. Олар мыналарды қамтиды: ең төменгі жалақы жүйесін енгізу және оны тұрақты түрде бақылау; ең төменгі жалақыны белгілеу және қайта қарау кезінде әлеуметтік әріптестік тараптарының – жұмыс берушілер мен жұмысшылар ұйымдарының қатысуы; ең төменгі жалақыны анықтау кезінде экономикалық факторларды, оның ішінде елдің еңбек өнімділігі мен орташа жалақы деңгейін, сондай-ақ жұмыскерлердің әлеуметтік қажеттіліктерін есепке алу; еңбекақы төлеу саласындағы кемсітушілікке тыйым салу және барлық қызметкерлер үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету.

Қазақстанда №131 Конвенцияны ратификациялау процесі ұлттық заңнаманы халықаралық талаптарға сәйкестендірумен басталды. Нәтижесінде, 2024 жылы ХЕҰ ұсынымдарын ескере отырып, Айлық жалақының ең төмен мөлшерін айқындау әдістемесі әзірленді және бекітілді. Бұл әдістеме ең төменгі жалақыны медиандық жалақы мен еңбек өнімділігі негізінде анықтауды қарастырады. Осы тәсіл әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық негізділікті үйлестіріп, ең төменгі жалақы деңгейін тұрақты әрі әділ түрде белгілеуге мүмкіндік береді.

Осылайша, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы №131 Конвенцияның ережелеріне сәйкес келеді, ал Конвенцияны ратификациялау жүргізілген жұмыстардың логикалық қорытындысы болып табылады. Бұл ең төменгі жалақыны айқындайтын ұлттық тәсілдерді халықаралық деңгейде бекітуге, әлеуметтік диалогтың құқықтық негізін нығайтуға, ХЕҰ мүшелік шеңберінде Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне адалдығын растауға мүмкіндік береді.

2025 жылғы 14 ақпанда Мемлекет басшысының Қатар Республикасына сапары барысында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасында Қазақстан азаматтарын Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісімнің басты мақсаты – Қатардағы Қазақстан азаматтарының құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету. Келісім аясында іріктеу процесі, Қазақстан азаматтарын жұмысқа қабылдау, Қатардағы еңбек шарттарын рәсімдеу, құқықтық қорғау және әлеуметтік кепілдіктер қамтамасыз ету сияқты нақты қадамдар белгіленді.

Бұл келісім Қазақстан мен Қатар арасындағы еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп, жұмысшылардың құқықтарын қорғау бойынша нақты құқықтық негіз қалыптастырады. Сонымен қатар, бұл қадам ел азаматтарының халықаралық еңбек нарығында қауіпсіз және тиімді жұмысқа орналасуына жағдай жасайды.

Қазақстан Республикасы №131 Конвенцияны ратификациялау арқылы ең төменгі жалақыны белгілеудің халықаралық стандарттарын енгізіп, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету жолында маңызды қадам жасады. Сондай-ақ, Қазақстан азаматтарын Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыру бойынша келісімнің күшіне енуі ел азаматтарының құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын нығайтып, халықаралық еңбек стандарттарына сай еңбек қатынастарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Осы шаралар Қазақстанның еңбек заңнамасының халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етіп, әлеуметтік диалогты дамытуға, еңбек қауіпсіздігін арттыруға және жұмысшылардың құқықтарын қорғауға бағытталған нақты қадам болып табылады. Мемлекеттік органдар болашақта да ең төменгі жалақыны белгілеу, еңбек қатынастарын реттеу және азаматтардың халықаралық еңбек нарығында қорғалуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырады. Бұл Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен азаматтарының әл-ауқатын арттырудағы маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді.

Ұқсас жаңалықтар

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT құрылысының барысымен танысты

admin

Мемлекет басшысы 8 наурыз — халықаралық әйелдер күніне арналған марапаттау рәсімінде сөз сөйледі 

admin

ШАРДАРА КӘСІПКТІК КОЛЛЕДЖІ – ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРДЫҢ МАҢЫЗЫН АРТТЫРУ ІСІНДЕ

admin

Пікір жазу