Бүгін Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы Тлемисов Шардара ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу өткізді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, аудан прокуроры Алмас Әлі, аудандық полиция бөлімінің бастығы Шералы Әділханұлы, сондай-ақ дербес бөлім басшылары қатысты.
Кездесу барысында аудан аумағында құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, әлімжеттік, суицид және зорлық-зомбылықтың алдын алу бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Сонымен қатар, жиында аудан аумағындағы ауыз су, ағын су және кәріз жүйелерінің жай-күйі, осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер қаралды.
Өз сөзінде облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов соңғы уақытта мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне қатысты бопсалау мен қорқыту фактілерінің жиілеп кеткеніне тоқталып, бұл мәселелерге бейжай қарамау қажеттігін атап өтті.
«Мемлекеттік қызметші — қоғамдағы тұрақтылықтың тірегі. Әрбір мемлекеттік қызметкер өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, ел ішіндегі тыныштық пен сенімнің сақталуына үлес қосуы тиіс. Билік пен халық арасындағы өзара сенімді бұзуға бағытталған арандатушылық әрекеттерге жол бермеу — бәріміздің ортақ міндетіміз», — деді ол.
Жиын қорытындысында мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі баса айтылды.
