Түркістан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауына байланысты облыстық деңгейдегі «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары мен қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті. Бұл игі шара еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту, ел ішіндегі бірлікті дәріптеу мақсатын көздеді.
Байқауды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен ұйымдастырды. Шараға өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, журналистер, блогерлер мен әлеуметтік желі белсенділері қатысты. Олар өз еңбектері арқылы түрлі этнос өкілдерінің арасындағы достық пен өзара сыйластықты, бейбіт өмірдің құндылығын, еңбек адамдарының өмір жолын кеңінен насихаттады.
«Шаңырақ» байқауы 2025 жылдың 27 қаңтарында басталып, 15 қазанға дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында қатысушылар мақалалар, телерадиобағдарламалар, бейнероликтер және әлеуметтік желілерде жарияланған материалдар арқылы еліміздегі ұлттар достығы мен татулықтың мәнін ашуға, еңбек адамдарының қоғамдағы орнын айқындауға бағытталған шығармашылық жұмыстарын ұсынды.
Марапаттау рәсімінде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева жиналғандарды 25 қазан – Республика күні мерекесімен құттықтап, байқауға белсенділік танытқан қаламгерлер мен қатысушыларға алғысын білдірді. Ол өз сөзінде ҚХА қызметінің қоғамдағы рөлі мен халық бірлігін сақтау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Эльмира Жанғазиева Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл ішінде ел бірлігі мен татулығын нығайтуда маңызды институционалдық құрылымға айналғанын атап өтіп, бұл байқау сол игі мақсаттың жалғасы екенін айтты.
Байқаудың басты мақсаты – қоғамда еңбек адамдарына деген құрметті арттыру, түрлі этностардың бейбіт өмір сүру дәстүрін насихаттау және Қазақстан халқының ортақ құндылықтарын дәріптеу. Байқау шарттарына сәйкес, журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары еңбек адамдарының өмірі, табандылығы мен үлгі боларлық еңбегі туралы шығармашылық жұмыстарды ұсынды. Сонымен қатар, олар өз еңбектерінде ұлтаралық келісім мен қоғамдық татулықты сақтау мәселелерін жан-жақты көрсетті.
Қазылар алқасы байқауға ұсынылған жұмыстарды кәсіби деңгейде қарап, мазмұндылығы мен қоғамға әсері тұрғысынан бағалады. Нәтижесінде үздік деп танылған еңбектер лайықты марапаттарға ие болды. Бірлік пен еңбектің маңызын айшықтаған шығармалардың авторлары өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, өңірдің мәдени және рухани өміріне өз үлестерін қосты.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен журналист, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова бірінші орынды иеленіп, 150 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды. Оның еңбегі қоғамдағы еңбек адамдарының рөлін және этносаралық келісімнің маңызын кеңінен аша білгендігімен ерекшеленді. Екінші орынға Халықаралық қазақ-түрік университетінің Журналистика кафедрасының аға оқытушысы Әтіркүл Тәшімова ие болып, 100 мың теңге көлемінде марапатталды. Үшінші орынды Қазақстанның Құрметті журналисі Роза Нарымбетова жеңіп алып, 50 мың теңгенің сертификатын иеленді.
Бұдан бөлек, байқауға белсене қатысқан өзге де бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушылары Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының Алғыс хаттарымен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Бұл шара олардың еңбегін бағалау әрі келешекте қоғамдағы бейбітшілік пен татулықты насихаттауға ынталандыру мақсатын көздейді.
Марапаттау рәсімі барысында «Шаңырақ» байқауына қатысқан авторлардың шығармаларына арнайы шолу жасалды. Қатысушылардың еңбектерінде еңбек адамдарының өмірі мен қоғамдағы рөлі, этносаралық келісімнің маңызы және қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру бағытындағы мәселелер кеңінен көрініс тапқан.
Жиынға қатысқан белгілі журналистер мен қоғам қайраткерлері байқаудың маңыздылығын атап өтті. Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессорлары Сейдулла Садықов пен Бекжігіт Сердәлі, Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек, Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Төребек Байтасов, “Оңтүстік Қазақстан” облыстық газетінің тілшісі, ақын Бауыржан Ерман және «Түркістан» қалалық газетінің тілшісі, ақын Дәурен Тілеухан өз пікірлерін білдіріп, байқаудың ел ішіндегі татулық пен еңбек мәдениетін дәріптеуде айрықша рөл атқарғанын айтты.
Сондай-ақ, спикерлер еңбек адамдарының мәртебесін көтеру – мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының негізі екенін ерекше атап өтті. Бүгінгі таңда жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастарды техникалық және кәсіби білім алуға ынталандыру – ұлттық саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осы тұрғыда өткізілген «Шаңырақ» байқауы қоғамның назарын қарапайым еңбек иелерінің жетістіктеріне аударып, олардың еңбегін құрметтеуге үндейді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы ел бірлігінің, татулық пен келісімнің символына айналып отыр. Бұл құрылымның басты мақсаты – этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, түрлі ұлт өкілдерінің өзара түсіністігі мен сыйластығын нығайту. Түркістан облысы – көпұлтты аймақтардың бірі, мұнда ондаған этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осындай байқаулар мен шаралар өңірде қоғамдық келісім мен бірлікті сақтауға, халықты ортақ мақсатқа жұмылдыруға ықпал етеді.
Марапаттау рәсімінің соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай игі шаралар еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп қана қоймай, шығармашылық саласында қызмет ететін журналистер мен блогерлердің қоғамға әсер ету әлеуетін арттыратынын атап өтті.
Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті дәріптеген «Шаңырақ» байқауының табысты өтуі Түркістан облысындағы мәдени және рухани өмірдің дамуына жаңа серпін берді. Журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары арасындағы ынтымақтастықтың артуы, этносаралық қатынастар саласындағы түсіністік пен сыйластықтың нығаюы – еліміздің тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі.
Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясындағы мұндай шаралар жастарға еңбекқорлықтың, кәсіби шеберліктің және отансүйгіштіктің мәнін түсіндіреді. Бұл байқау еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына қосқан үлесін насихаттауға бағытталған.
Келешекте де Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ ұжымдары қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытында бірлескен жобалар мен байқауларды жалғастыратын болады. «Шаңырақ» байқауының тәжірибесі бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігін дәлелдеп, өңір журналистерінің шығармашылық әлеуетін арттырды.
Осындай бастамалар арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясының миссиясы – елдің тұтастығы мен бейбітшілігін сақтау, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту – одан әрі дами беретіні сөзсіз.
