Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

КЕЛЕСТЕ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылық – ел дамуының басты кепілі. Осы бағытта Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы Тлемисов жұмыс сапарымен Келес ауданына келіп, аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу өткізді.

Жиынға Келес ауданының әкімі Жәнібек Есенұлы Ағыбаев, аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов, дербес бөлім басшылары, білім, мәдениет және ішкі саясат саласының өкілдері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – аудан аумағындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті арттыру, құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, сондай-ақ жастар мен кәмелетке толмағандар арасындағы әлімжеттік, суицид және зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту болды.

Өз сөзінде облыс прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы Тлемисов соңғы уақытта мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне қатысты қорқыту, қысым көрсету мен бопсалау сипатындағы әрекеттердің жиілегенін атап өтті. Мұндай келеңсіз жайттарға құқықтық тұрғыдан баға беріп, оларға дер кезінде тосқауыл қою – қоғам тұрақтылығын сақтаудың маңызды шарты екенін айтты.

Билік пен халық арасындағы сенімге селкеу түсіретін кез келген арандатушылық әрекеттерге жол бермеуіміз керек. Бұл бағытта мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының үйлесімді әрі жүйелі жұмысы аса маңызды, – деді ол өз сөзінде.

Кездесу барысында қатысушылар ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік желілердегі деструктивті ақпараттарға дер кезінде жауап беру, тұрғындармен кері байланысты нығайту және жастар арасында патриоттық тәрбиені күшейту мәселелерін де кеңінен талқылады.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Жәнібек Есенұлы Ағыбаев мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халықтың сенімін ақтау, қоғамдағы тыныштық пен бірлікті сақтау, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу екенін атап өтті.

– Мемлекет мүддесіне адал қызмет етіп, ел арасындағы татулық пен тұрақтылықты сақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің азаматтық борышы. Біз бірлесе отырып, ауданымыздың дамуы мен қоғамның бейбіт өмірін қамтамасыз ету жолында еңбек етуіміз қажет, – деді аудан әкімі.

Жиын соңында қатысушыларға тиісті тапсырмалар беріліп, атқарылатын шаралардың тиімділігін арттыру бағытында нақты ұсыныстар қабылданды.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА «ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ» АТТЫ ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

admin

ШАРДАРА АУДАНЫНДА ҚҰҚЫҚТЫҚ ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

admin

ТҮРКІСТАН: ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

admin

Пікір жазу