Кішкентай қазақстандықтарға арналған бастапқы капитал көлемі – 236 мың теңге (немесе 472 мың теңге – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін).
Қазақстан халқының саны бүгінде 20,4 миллионнан асты. 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында елде 161,2 мың сәби дүниеге келді. Дәстүр бойынша ең көп туу көрсеткіші Түркістан облысына (23,4 мың), Алматы қаласына (15,6 мың), Алматы облысына (13,9 мың), Шымкентке (13,1 мың) және Астанаға (12,9 мың) тиесілі.
Мәлімет үшін: өткен жылы елімізде 365,9 мың бала өмірге келген. Оның ішінде 23%-ы – алғашқы бала, 23%-ы – екінші, 21%-ы – үшінші, 16%-ы – төртінші, ал 15,7%-ы – бесінші және одан да көп баласы. Демек, қазақстандықтар бала сүйуді, көпбалалы болуды бағалайтын халық екені анық.
Сондықтан елдегі әлеуметтік қолдау бағдарламаларының көбі – балаларға бағытталған. Солардың бірі әрі ең өзектісі – «Келешек» бағдарламасы. Бұл – қазіргі Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МБЖЖ) кеңейтілген нұсқасы. Бағдарлама балалардың болашағын қамтамасыз етуге бағытталған және ата-аналарға басты міндеттерін орындауға көмектеседі – білім беру, мамандық алу мен тұрғын үй мәселесін шешу.
Жақсы жаңалық: алғашқы балалардың шоттарына мемлекеттен бастапқы капитал аударылды.
Мысалы, бағдарламаға қатысушы негізгі қаржы институттарының бірі – Отбасы банк 7317 балаға 235,92 мың теңгеден, ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 23 балаға 471,84 мың теңгеден аударғанын хабарлады.
Жалпы сомасы – 1 737 078 960 теңге.
Бұл қаражат 2025 жылдың бірінші жартысында 5 жасқа толған балалардың шотына түсті. Ал екінші жартыжылдықта бес жасқа толатын балаларға қаражат 2026 жылдың ақпанында аударылады.
«Келешек» бағдарламасының басты ерекшеліктері:
-
Ол AQYL білім жинақтау депозиті және өмірді сақтандыру жүйесіне негізделеді;
-
Мемлекет жыл сайын 5% мөлшерінде сыйлықақы (әлеуметтік осал топтарға – 7%) береді;
-
Қаражатты білім алуға ғана емес, тұрғын үй жағдайын жақсартуға да пайдалануға болады;
-
Депозит иесі оқу орнын өз бетінше таңдай алады.
Бағдарламаның жаңалығы – мемлекет тарапынан біржолғы бастапқы білім беру капиталының төленуі. Бұл капитал 5 жасқа толған балаларға арналған депозитке немесе сақтандыру шартына түседі. 2025 жылы бұл мүмкіндік 2020 жылы және одан кейін туған балаларға беріледі.
Сонымен қатар, «Келешек» жүйесіндегі қаражатты «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жинақтарымен біріктіруге болады. Қазір 5 жасқа дейінгі балалар саны 2 миллионнан асып, ел халқының 10%-ын құрайды. Демек, ата-аналарға бұл мүмкіндікті уақытында пайдалану маңызды.
AQYL білім жинақтау депозитін мына банктерде ашуға болады:
-
Отбасы банк
-
Halyk Bank
-
Nurbank және басқа да қаржы ұйымдары.
Сақтандыру компанияларының қатарында:
«Евразия», Freedom Finance Life, NOMAD Life және т.б. бар.
Маңызды ескерту:
Мемлекеттен «Келешек» бағдарламасы аясында алынған бастапқы капиталды сақтау үшін ата-аналар жыл сайын депозитке міндетті жарна аударуы тиіс:
-
Жалпы отбасылар үшін – 24 АЕК (94,37 мың теңге)
-
Әлеуметтік осал отбасылар үшін – 12 АЕК (47,2 мың теңге)
-
Жетім және ата-анасыз қалған балаларға жарна төлеу қажет емес.
Жарнаны бір рет толық немесе жыл бойы бөліп төлеуге болады.
Егер жыл соңына дейін ең төменгі сома толық аударылмаса, бастапқы капитал мемлекетке қайтарылады.
Мысал ретінде Отбасы банкі арқылы баланың атына депозит ашу нұсқаулығы инфографика түрінде ұсынылған. Бұл банкте егер бала кейін білім грантын ұтса, жиналған қаражатты тұрғын үйге жұмсауға болады.
Осы жағдайда депозиттегі барлық сома – мемлекеттік сыйлықақы, банк сыйақысы және бастапқы капиталмен қоса тұрғын үй депозитіне аударылып, баланың алғашқы баспанасына алғашқы жарна бола алады.
Соңғысы – егер бала грант иегері болса, жинақталған қаражатты қосымша білімге, екінші жоғары білім алуға, туыстарына аударуға немесе әрі қарай жинауға пайдалануға мүмкіндік бар.