Кішкентай қазақстандықтарға арналған бастапқы капитал мөлшері 236 мың теңгені, ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 472 мың теңгені құрайды.
Бүгінде Қазақстан халқының саны 20,4 миллионнан асты. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде 161,2 мың сәби дүниеге келді. Нәрестелердің ең көп дүниеге келген өңірлері дәстүрлі түрде — Түркістан облысы (23,4 мың), Алматы қаласы (15,6 мың), Алматы облысы (13,9 мың), Шымкент қаласы (13,1 мың) және Астана (12,9 мың адам) болды.
Мәлімет үшін: өткен жылы елде 365,9 мың бала туған. Оның ішінде 23%-ы — бірінші бала, 23%-ы — екінші, 20,9%-ы — үшінші, 16,4%-ы — төртінші, ал 15,7%-ы — бесінші және одан да көп бала. Бұл деректер қазақстандықтардың бала сүюге және көпбалалы болуға бейім екенін көрсетеді.
Бүгінде мемлекет тарапынан балаларды қолдауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі — «Келешек» бағдарламасы. Бұл — қолданыстағы Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің кеңейтілген нұсқасы. Бағдарлама балалардың болашағын қамтамасыз етуге бағытталған және ата-аналарға басты міндеттерін — балаға сапалы білім, мамандық және тұрғын үй алу мүмкіндігін орындауға көмектеседі.
Жақсы жаңалық: мемлекеттен алғашқы төлемдер түсе бастады.
Бағдарламаға қатысушы қаржы ұйымдарының бірі — «Отбасы банк» — 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында отбасында тәрбиеленіп жатқан 7317 балаға мемлекет тарапынан 235,92 мың теңгеден бастапқы капитал аударылғанын хабарлады.
Сонымен қатар, 23 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға әрқайсысына 471,84 мың теңгеден аударылды.
Жалпы сомасы 1 737 078 960 теңге балалардың шоттарына түсті.
Айта кетейік, «Отбасы банк» аталған қаражатты 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бес жасқа толған балалардың есепшоттарына аударған. Ал екінші жартыжылдықта бес жасқа толатын балаларға төлемдер 2026 жылдың ақпан айында жүргізіледі.
